МӘМС: ДЕРБЕС ТӨЛЕУШІЛЕР АЛДЫН АЛА ТӨЛЕМ ЖАСАЙ АЛАДЫ

0

«2022 жылдың 4 шілдесінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сақтандыру мәртебесін алу үшін тек өткен 12 ай үшін емес, алдағы 12 айға да төлем жасауға болады. Бұл өзгеріс қол қойылған сәттен бастап 60 күннен кейін, яғни 2022 жылдың қыркүйегінде күшіне енеді», деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-ның елорда филиалының баспасөз қызметі.
Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. МӘМС-ке төлем жасау барлығы үшін міндетті болып саналатынына қарамастан, елімізде шамамен 3,1 млн адам әлі күнге дейін сақтандырылмаған. Оның 3 миллионы – халықтың экономикалық белсенді бөлігі, яғни жұмысқа қабілетті азаматтар.
Saqtandyrý ақпараттық жүйесінде соңғы 12 ай ішіндегі деректерді талдау кезінде МӘМС жүйесіне қатысушының алдыңғы мәртебесі тұрғысынан сақтандырылмағандардың 69%-ы мүлде жарна төлемегені анықталды. Азаматтардың тағы 16%-ы – өз қызметін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша атқаратын тұлғалар. Қазір жарналарды төлеуді тоқтатқан бұрынғы жалдамалы жұмысшылар 7%-ды құрайды. Дербес төлеушілердің үлесі – 4%. Қазір жарна төлемейтін және сақтандыру мәртебесін жоғалтқан жеке кәсіпкерлер мен бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеушілердің саны 3%-ға тең. Бұл негізінен 38-40 жастағы адамдар. Олар бейресми жұмыс істейді және жарна төлемейді. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығына барып ресми тіркелуіне болатын жұмыссыздар да бар. Бұл жағдайда осы азаматтар жеңілдік санатына кіріп, олар үшін төлемдерді мемлекет аударады», деп түсіндірді ӘМСҚ заңды және жеке тұлғалармен жұмыс істеу департаменті директорының орынбасары Жанар Ботагарина.
Қор жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік кіріс басқармаларымен, «Атамекен» ҰКП және басқа да мүдделі мекемелермен бірлесіп сақтандырылмаған тұрғындарды МӘМС жүйесіне тарту бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бұрын сақтандыру мәртебесін және МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін пациенттің өткен 12 айға жарнасы төленген болуы және мәртебесін жоғалтпау үшін ай сайын жарналарды үзбей төлеуі міндеттелген еді.
«Тәжірибе көрсеткендей және өтініштерді талдау нәтижесінде жұмыс істемейтін және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың өткен кезең үшін жарна төлеуге қызығушылық танытпайтыны анықталды. Сол себепті олар үшін МӘМС жүйесіне қатысудың баламалы нұсқасы әзірленді. Бұл сақтандыру мәртебесін алу үшін алдын ала 12 айға төлем жасауға мүмкіндік береді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына енгізілген тиісті толықтырулар мен өзгерістер 2022 жылғы шілдеде бекітілді. Ол қыркүйек айының басында күшіне енеді. Біздің ойымызша, бұл халықты медициналық сақтандыру жүйесіне көптеп тартуға ықпал етеді», деді Жанар Ботағарина.
Азаматтар алдын ала жарналарды төлеп, жыл бойы МӘМС жүйесі бойынша көрсетілетін медициналық көмекті ала алады. Сақтандырылмаған халықтың шамамен 30%-ы жаңа төлем түрін пайдаланады деп күтілуде. Сонымен қатар өткен айларға берешегі жоқ дербес төлеушілердің МӘМС жарналарын ай сайын төлеу құқығы сақталады. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы дербес төлеушілер ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінің 5%-ы көлемінде – 3 мың теңге жарна төлейді.
Егер медициналық көмек көрсету сапасына қатысты сұрақтарыңыз болса, сіз өз емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы байланыс арналары арқылы хабарласа аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Дәл осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, ҚР электронды үкіметі egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы жүргізілген төлемдер туралы біле аласыз.

МӘМС: САҚТАНДЫРЫЛҒАН ПАЦИЕНТТІҢ САҒЫ СЫНБАУҒА ТИІС

Отандастарымыздың денсаулығын сақтау мәселесі күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе екені анық. Әсіресе жаһанды жайлап алған COVID-19 инфекциясы кезінде бұл салаға ерекше мән берудің маңызы артты. Алайда әбігерге салған індетті әупірімдеп жүріп еңсеріп, аурудың беті бері қараған шақта да ақ желеңді азаматтардың иығында тұрған жауапкершілік жүгі бір мысқал кеміген жоқ. Кемігені былай тұрсын, атқарылар жұмыстың ауқымы кеңейді. Бұған еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қолға алынып жатқан қыруар жұмыс дәлел бола алады.

ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ АМАНДЫҒЫНА АЛАҢДАЙДЫ

Жастар денсаулық орталықтары міндетті әлеуметтік медициналық сақ-тандыру аясында жұмыс істе¬геннен бері оған жүгінушілер саны да айтар-лықтай артты. Мәселен, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері медициналық қызметтер үшін 2,2 млрд теңгеге шарт жасалды. Өткен 5 айда 182 мыңнан аса қызмет көрсетіліп, оған 431 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бүгінде Жастар денсаулық орталықтары жас буынның денсаулығын сақтау мен нығайтуда маңызды рөл атқарады. Тиісінше, орталық қызметтеріне деген сұраныс артып келеді. Міндетті түрде құпиялылықты сақтау әдісімен жастарға арналған қызметтер ұсынылады.
– Пациенттердің медициналық көрсеткіштеріне қарай кешенді диагностикалау, емдеу, кеңестік, профилактикалық, медициналық, әлеуметтік, зертханалық зерттеулер және оңалту шараларына жолдама беріледі. Қабылдауды білікті мамандар жүргізеді. Олардың қатарында акушер-гинеколог, психолог, уролог-андролог, психотерапевт, психиатр, дерматовенеролог, әлеуметтік қызметкер және фельдшер бар, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаменті директорының орынбасары Жанар Ботагарина.
Орталықтарда 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге және 18-29 жас аралығындағы жастарға қызмет көрсетіледі. Олардың ерекшеліктеріне қарай кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық көмек беріледі. Бүгінде ел аумағында қалалық, аудандық емханалар мен жекеменшік клиникаларда барлығы 218 орталық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жұмыс істейді.
– Жастар денсаулық орталықтары кәмелетке толмағандарға медициналық-психологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне айналды. Басты мақсат – жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, соның ішінде ерте жыныстық белсенділік пен ерте жүктіліктің алдын алу, жүктіліктен сақтандыру дәрілерін (контрацептивтерді) қолдану, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ақпараттандыру, – деді Ж.Ботагарина.

САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, «2020 жылғы
1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 трлн-нан астам теңге бөлінеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту¬ға бағытталған. Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 трлн-нан астам теңге бөлінеді. Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беде¬ліне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауап-кершілікпен қарауы қажет. Біздің қателесуге құқымыз жоқ», деген еді.
Осылайша, Жолдауда айтылған сақ¬тандыру жүйесінің жұмыс істеп келе жатқанына да міне, екі жарым жыл¬дан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында аталған жүйенің қоржынына ауыз толтырып айтуға болатын қомақты қаражат түскені анық. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар ретінде 2022 жылдың І тоқсанында шамамен 229,4 млрд теңге түсті. Бұл қаражат Ұлт¬тық банктегі арнайы шотқа түседі. Сол жерден қаражат сақтандырылған азаматтарға көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсалады. Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша, 229,4 млрд теңгенің едәуір бөлігі, яғни 90,4 млрд теңге – халықтың жеңілдікті санаттары үшін төленген мем-лекеттің жарналарын құрады. Олардың тізіміне 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыздар ретінде тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар және тағы басқалар кіреді.
Жасөспірім шақ – албырт сезім алабұртатын, сенімді серік іздейтін кезең. Ата-ана баласы қабылдаған шешімдерді түсінбесе, қолдамаса, тіпті балаға мүлде көңіл бөлмесе жас ұрпақ психикалық өзгерістерге ұшырауы бек мүмкін. Бұл болмағанның өзінде, бала өзін толғандырған жағдайды өзге адамға айтуға жасқанатын, қорқасоқтайтын жағдайға тап болады. Жастар денсаулық орталығында мамандар өскелең ұрпаққа мектеп қабырғасындағы алалау, қудалау, буллинг әрекеттері, ересектер немесе құрдастар тарапынан жыныстық қол сұғушылық, зорлық-зомбылық құрбаны болу, өне бойынан жыныстық жолмен берілетін ауру белгіле¬рін анықтау немесе ерте жүкті болу секілді түрлі мәселелерге қатысты жағымсыз жағдайлардың басын ашуға және оның оң шешімін табуға көмектеседі. Дегенмен, әрбір жас азамат өз денсаулығы үшін басты жауапкершілікті өзі сезінгені дұрыс. Бұл ретте, ата-ана тәрбиесінің де маңызы зор.

АЗАМАТТАР САПАЛЫ КӨМЕК КҮТЕДІ

Медицина саласында, әсіресе осы міндетті әлеуметтік медициналық сақ-тандыру жүйесінде шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселелер баршылық. Мәселен, күні кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрымова Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады. Бұған медициналық қызметтер¬дің тарифтерін көтеруде 2022 жылы қаражаттың толық бөлінбеуі себеп болды. Оның айтуынша, қаржы жеткіліксіздігі, медициналық қызмет көрсетуде халықтың қолжетімділігінің төмендеуі нәтижесінде түрлі шағымдар туындауда. Бұл ретте медициналық қызметкерлер күрделі жағдайда қалып отыр. Яғни бір жағынан, сақтандырылған азаматтар, заңды түрде сапалы көмек көрсетуді талап етсе, екінші жағынан, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, қаржыландыру жоспарынан аспауды міндеттейді.
«Сонымен қатар ӘМСҚ белгіленген жоспардан тыс түскен ақшаны артығымен орындау ретінде алып, ұйымдардың онсыз да жеткіліксіз бюджетін орындалмаған сомаға қысқартады. Бұған қоса, КТ, МРТ, УДЗ, зертханалық талдаулар, бейінді мамандардың консультациялары және тағы басқалар сияқты маңызды тексерулер кіретін барлық КДҚ ішінен тек стоматологиялық қызметтер ғана БМСК дәрігерінің жолдамасынсыз, өз бетінше жүгінуі бойынша жүргізіледі. Бұл отбасылық дәрігер қағидатын бұзады», деді депутат.
Оның айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрігерлердің еңбек-ақысының орта есеппен 30%-ға өсуіне байланысты базалық тариф тек 9,8%-ға, жан басына шаққандағы норматив 12%-ға ұлғайды. Бұл дәрілік заттарды сатып алу жөніндегі кәсіпорындардың, МӨ, коммуналдық қызметтердің шығыстарын және жалақыға арналған шығыстарын да толық өтемейді.
«Мысалы, IV санаттағы жедел жәрдем тарифтері төмен. Яғни бір тұрғынға 39-44,8 теңге. Бұл іс жүзінде шығыстарды тек 30%-ға жабады. Иық буынының рентгенографиясының тарифы – 880 теңге. Хирургтің кеңесі – 2 068 теңге. Медициналық қызметтердің барлық басқа тарифтерінде де осындай ұқсас жағдай. Бұл проблемалар Павлодар, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде бар. Сонымен қатар 2021 жылғы мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігі – 7,4 млрд теңгені және МӘМС қоры – 2,3 млрд теңгені игермеген», деді Г.Нұрымова.
Оның айтуынша, қор көбіне негізсіз айыппұл санкцияларын қолданады. Бірақ қор қызметкерлеріне бонустар мен сыйақылар шкаласы кеңінен пайдаланылады.
«Медициналық қызметтер тарифтерін көтеруге қаражаттың толық бөлін-беуі және осының салдарынан қаржыландырудың жеткіліксіздігі кредиторлық берешектің пайда болуына, халыққа медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігінің төмендеуіне, шағымдардың туындауына және жалпы әлеуметтік шиеленістің өсуіне алып келеді. Бұл ұйымның қызмет етуінің мақсатқа сай екендігіне қатысты, оған жүктелген міндеттерді қаншалықты ақтағандығына қатысты сұрақтар туындайды», деді спикер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.