М.ӨТЕЛБАЕВ АТЫНДАҒЫ КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

0

Ғылымның патшасы болған математика саласының табалдырығын аттап, биігіне жеткен қазақстандық ғалымдар саусақпен санарлық. Ал солардың арасында қарапайым болмысымен ерекшеленіп, жайдары мінезімен, тұлғалық қасиетімен менмұндалап тұратын бірден-бір ғалым – Мұхтарбай Өтелбаев.
Өткен жұмада физика-математика ғылымдарының докторы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, жерлесіміз Мұхтарбай Өтелбаевтың 80 жас мерейтойына орай академиктің туған ауылы Қаракемерде №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектепте ауқымды іс-шара өтті.
Шараға академиктің өзі, шәкірттері мен ауданымыздың Құрметті азаматтары және аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысты. Көрнекті ғалымды сән-салтанатымен қарсы алған мектеп ұжымы ең алдымен қонақтарды «Математика — ғылымдар патшасы» атты 8 сынып оқушылары арасындағы интеллектуалды сайысты тамашалауға шақырды. Жас математиктердің өнеріне жоғары баға берген ғалым мектептің фойесінде оқушылармен емен-жарқын сұхбат құрып, балалардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Тіпті қызды-қыздымен академиктің өзі қолына бор алып, тақтаға небір күрделі есептерді шешу жолдарын жазып, көрсетіп берді.
Осыдан кейін жиналған қауым Мұхтарбай Өтелбаев атындағы математика кабинетінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Символикалық қызыл лентаны Жамбыл облысы мен Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай және Қаракемер ауылының сыйлы қариясы Ноғай Жайықбаев ақсақал қиды. Кабинеттің ашылуына орай шашу шашылып, қазыналы қариялар бата-тілектерін арнады. Сондай-ақ, жаңадан ашылған кабинетте М.Өтелбаев өзінің ізін қуған жас мамандармен кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Бұл кездесуге қатысқан аудан мектептерінің көптеген жас математик ұстаздары оқушыларды сабаққа қалай қызықтыруға болатыны, ғалымның ғылымдағы табыстарының сыры, ғылыми жаңалықтарының өмірде қолданылуы жайлы сұрап білді.
Мектептегі кездесу ауылдық мәдениет үйінде жалғасып, мұнда мектептің «Нұр домбырашылар» ансамблі күмбірлеген күй орындап, жас зерттеуші Есжан Бағила «Ауылымнан шыққан ғұлама» атты ғылыми жобасын қорғады.
Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай Мұхтарбай Өтелбаевқа аудан әкімінің Құттықтауын және Алғыс хатын табыс етіп, мерейтой иесіне қазақы дәстүрге сай шапан жапты. Сондай-ақ, ұстазын құттықтай келген профессордың тікелей шәкірті, бүгінде өзі де ғылым жолында жүрген Phd доктор, профессор Жұлдыз Бишінәліқызы да тәлімгеріне алғысын жаудырып, сый-сияпатын табыстады.
Бұл күні академиктің ғылым жолындағы жетістіктері, шәкірт тәрбиелеудегі ерекше ыждахаттылығы ғалымның шәкірттері мен замандастары тарапынан кең көлемде айтылды. М.Өтелбаевтың шәкірттері атынан Тараз мемлекеттік университетінің доценті Әбдімәлік Сағынбеков, ауданның құрметті азаматтары Төле Сүгірбай, Әбдібек Сейілханов, Құрманбек Әлімжан және басқалары естеліктерімен бөлісті. Той дастарханы басында да ағыл-тегіл тілектер аз болмады. Соңында жерлестері өз ауылдарынан шығып, әлемге танылған ғалымға ат мінгізіп, шапан жауып, ілтипат көрсетті. Атақты ғалымды туған жеріне шақырып құрметтеу шараларын ұйымдастырған мектеп басшылығына, материалдық қолдау көрсеткен ауыл кәсіпкерлеріне жұрттың алғысы шексіз болды.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.