МАҢЫЗЫ ЕРЕКШЕ СЕМИНАР

0

24 қаңтар күні Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің жұмыс жос-парына сәйкес №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің базасында «Оқу мен тәрбие үдерісінде оқушы бойында ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы іс әрекеттегі зерттеудің ықпалы» тақырыбында мектеп басшылары мен мектеп директорларының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарларына арналған аудандық семинар-практикумы өтті. Іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбеков, аудандық білім бөлімінің оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі С.Бахрамова, оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскерлері және аудан көлеміндегі мектеп басшылары мен мектеп директорларының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Іс-әрекетті зерттеу бұл оқушылардың оқуын және оларды оқыту барысын зерттейтін үдеріс болып табылады. Іс-әрекеттегі зерттеу арқылы мұғалімнің оқушыларға қолданған әдістерінің тиімділігін анықтауға, білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік туады. Бұл үдеріс мұғалімнің кәсіби тәжірибесін шыңдап, дамытады. Мектеп-лицейде өткізілген семинардың ерекшелігі оқу және тәрбие үрдісін де зерттеуді қоса қамтыды.

№4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде өткен осы аудандық семинардың мақсаты да іс-әрекетті зерттеуді жетілдіре отырып, мұғалімге кәсіби қолдау көрсету, мұғалімнің зерттеу тәжірибесін жақсарту, тәжірибесімен бөлісу еді. Ең алдымен семинардың теориялық бөлімі басталып, Қордай ауданы білім бөлімі оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі С.Бахрамова кіріспе сөз сөйледі. Ал №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің директоры Г.Байсуанова, осы мектеп-лицейі директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Э.Сансызбаева, мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Ильясова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Тоқбаева іс-әрекетті зерттеу үрдістері бойынша мектеп-лицейде атқарылып жатқан жұмыстар бойынша сипаттап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ аудандық семинарда тәжірибелік бөлім де қамтылып, мектеп-лицей ұстаздары іс әрекетті зерттеу сабақтарының қалай жүргізілетінін көрсетті. Атап айтқанда тарих пәнінің мұғалімі М.Бірғожаева, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Кондратьева өз сабақтарын өткізді. Тағы бір айта кетерлігі тәжірибелік сабақ беруге ата-ана А.Н.Иманбаева да қатысып, 4 «а» сыныбымен (сынып жетекшісі Г.Абдирзақ) «Атадан өсиет, анадан қасиет» тақырыбында ата-ана сағатын өткізді. Барлық сабақтардың соңында фокус топ мүшелері сабақ нәтижелері туралы ойларымен және ұсыныстарымен бөлісті.

Семинар барысында үстіміздегі жылы көрнекті жазушы І.Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойына байланысты оның «Құлагер» поэмасынан мектеп-лицейдің 9 «а» сынып оқушылары үзінді қойылым көрсетті. Бұл қойылымды көрсетудің мақсаты шығармадағы құндылықтық мәселелер туралы ата-аналармен және семинар қатысушыларымен сұхбат құру болатын. Қойылымнан соң мектеп-лицейдің 9 «а» сыныбының ата-аналары балаларының өмірдегі бағыт-бағдарлары, тұлғалық ерекшеліктері және қойылымда сомдаған кейіпкерлерінің бітім-болмысы жөнінде ой қозғады. Сондай-ақ ата-аналар мен аудан көлеміндегі мектептердің басшылары құндылықтар мен тәрбие мәселелерін қазіргі қоғаммен байланыстыра отырып талдау жасады.

Іс-әрекетті зерттеуді оқу және тәрбие үдерісімен байланыстыра көрсеткен бұл іс-шараның маңызы ерекше болды. Жиын соңында аудандық оқу-әдістемелік кабинетінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі С.Бахрамова қорытынды сөз сөйлеп, аудандық білім бөлімі атынан іс-әрекетті зерттеу сабақтарын жүргізуге атсалысқан мектеп-лицей басшылығына және мұғалімдеріне мадақтамалар табыс етті.

Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.