Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Кездесуге «Қордай аудандық газ шаруашылығының» мамандары, Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің, «Қордай аудандық электр желілері мекемесінің» электр энергиясын бақылау және тарату шеберлері, сондай-ақ «Қордай су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
Құттықтау барысында аудан басшысы сала мамандарының өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды рөлін атап өтті. «Бүгінде ауданымыздың жарықтандырылған көшелері, жылумен қамтамасыз етілген үйлері мен өндіріс орындары – сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі. Сіздер күн сайын ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, халық сенімін ақтап келесіздер», – деді әкім.
Іс-шара соңында энергетика саласында табанды еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге құрмет және алғыс хаттар табыс етілді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ