Дүниежүзілік денсаулық күні – адамзат баласының денсаулығына, ұзақ өмір сүруіне және медицина саласындағы жетістіктеріне назар аударуға арналған маңызды іс-шаралардың бірі. Бұл күн жыл сайын 7 сәуірде атап өтіліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) құрылу күні, 1948 жылы жарғысына қол қойылуымен байланысты. 1950 жылдан бастап, адамзаттың денсаулығын қорғауға арналған бұл мерекені өткізу дәстүрге айналды.
Адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін мәселелерді көтеру, медицина саласының жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ шағын елді мекендердің дәрігерлерінің маңызды рөлін атап өту – осы күннің негізгі мақсаттарының бірі.
Атаулы мерекеге орай, Ноғайбай ауылдық округінің дәрігерлік амбулаториясында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан акушер медбике Дариға Алмасбековамен арнайы әңгімелесуді жөн көрдік. Дариға Шәмшіғалиқызы 1966 жылы Сарысу ауданында дүниеге келген. Оның медицина саласындағы жолы 1983-1987 жылдары Жезқазған қалалық медициналық училищесін «акушер» мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін басталды.
«Мен, 1987 жылы Алматы қаласында жұмысымды бастаған кезде, бірінші кезекте науқастарға деген қамқорлықты, мейірімділікті үйрендім. Олардың сеніміне ие болу, күйзелістерін жеңілдету үшін барымды салдым. Нәресте мен ананың денсаулығы – ең басты құндылық. 1990 жылы Сарысу ауданы, Қамқалы совхозына ауысып акушерлік қызметімді жалғастырдым. Ауылдық жерлердегі медициналық қызмет көрсету қиындықтары да аз емес. Бірақ мен әрқашан өз міндетіме адал болуға тырысамын. Медицина маманы дәрі-дәрмекпен ғана емес, сонымен қатар психологиялық қолдаумен де көмектесуі керек», — дейді акушер маман.
Оның айтуынша, алғашқы кездері ауруханадағы тәжірибесіне жігерімен кірісіп, өзінің кәсіби біліктілігін шыңдай түсті. Акушерлік қызметіндегі міндеттері мен жауапкершіліктері әрқашан жоғары деңгейде орындалып, науқастардың сеніміне ие бола білді. Адамдарға көмек көрсету, олардың денсаулығына деген қамқорлық көрсету – оның жұмысының негізгі мәні.
Кейіпкеріміз 1993 жылы Қордай ауданы, Ноғайбай ауылына келін болып түсіп, осы жерде акушер медбике қызметін жалғастыруда. Бүгінде оның жауапкершілігіне Ноғайбай, Шарбақты, Сарыбастау, Алға, Көгадыр сынды бес елдімекен кіреді. Дариға Шәмшіғалиқызының күнделікті жұмысы өздігінше жинақталған тәжірибені қажет етеді.
«Мен үшін акушер болу – нағыз жайсыз сәттер мен қуаныштарды бірге бөлісу. Әрбір бала дүниеге келген сайын, мен үшін бұл ерекше сәт. Аналардың қуанышын, олардың балаларының дүниеге келуін көру мені ерекше қуантады», — дейді Дариға Алмасбекова.
Ол ауыл елді мекендерінде медициналық қызметтің жетістіктерін баса көрсете отырып, әр азаматтың денсаулығында әрқашан оң нәтижеге жетуге ұмтылатынын айтты.
Дүниежүзілік денсаулық күні – өз кәсібінің нағыз шеберлері, беріктігі мен жауапкершілігі үшін күресушілер, адамдардың денсаулығына шынайы қамқорлық көрсететін мамандар үшін өзін-өзі бағалауды арттыруға, ынталандыруға арналған күн.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ