АТА КӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ – ӘУЛЕТТІК АБЫРОЙ

0

ҚОРДАЙДЫҢ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ТІЛЕБАЕВТАР ДИНАСТИЯСЫНЫҢ МЕДИЦИНАДАҒЫ ЖОЛЫ

15 мамырда елімізде Халықаралық отбасы күні атап өтілді. Бұл айтулы мереке – қоғамның алтын діңгегі болып табылатын берекелі шаңырақтар мен ұрпақтар сабақтастығының ұлылығын дәріптейтін ерекше күн. Мемлекеттің мықтылығы да, ұлттың тұтастығы да отбасынан бастау алады. Осы орайда, Отанға қызмет етуді отбасылық құндылықтармен ұштастырып, Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде халық саулығына өлшеусіз үлес қосып отырған, өңір мақтанышы ТІЛЕБАЕВТАР әулеті мен олардың «ЖанҰя» инновациялық клиникасы туралы мақаламызды ұсынамыз.

Қордайда «ЖанҰя» десе бұқара халықтың көз алдына бірден жоғары сапалы қызмет, нәтижелі ем, заманауи деңгей келеді. Тұтас бір әулеттің тарихы мен қажырлы еңбегі көрінетін жылы ұя деп біледі жұрт. Клиниканың іргетасы сонау 1997 жылы қаланыпты. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы үзіліссіз, адал қызмет етіп жатқан аудан мақтанышы турасында мақала оқырманға таныстыру мақсатында жазылып отыр.

Бұл құтты мекеннің негізін қалаушы – Қордай халқына ақ халатты абзал жан ретінде танылған Ержан Сүйіндікұлы Тілебаев. Ержан Сүйіндікұлы саналы ғұмырын медицина саласына, соның ішінде стоматологияға арнаған өз ісінің нағыз майталманы. Оның бойындағы адамгершілік, кәсібилік пен ұлтқа деген махаббат, халыққа шипа сыйлайтын қасиетті орынға айналуына септігін тигізді. Сондай-ақ, туған бауырлары да медицина қызметкерлері болуы бұл әулеттің қанына сіңген дәрігерлік қасиеттің айқын дәлелі іспетті. «ЖанҰя» атауының таңдалуы да тегін емес. Ол – отбасының ынтымағын, бірлігін және емделуге келген әрбір азаматты өз туғанындай қарсы алатын мейірімділіктің нышаны.

Дәрігерлік – жан дүниенің қалауы, үлкен жүректі талап ететін жауапты миссия. Ержан Сүйіндікұлы өмірде білікті дәрігер, отбасында 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке, үлгілі отағасы. Әке көрген оқ жонар демекші, оның перзенттері бүгінде сол салынған сара жолды, ата кәсіпті нық қадаммен лайықты жалғастырып келеді.

Ұлы Ерлан Ержанұлы – бүгінде Қордай жұртшылығына ғана емес, республика деңгейінде танымал, білікті имплантолог маман. Ол күрделі оталарды жоғары деңгейде жасап, қаншама адамның саулығын қалпына келтірді. Бүгінгі таңда ол алып шаһар Алматы қаласының беделді емханаларында өзінің кәсіби шеберлігін дәлелдеп, жоғары сұранысқа ие дәрігер ретінде қызмет етуде. Ерлан дәрігердің жары Дощанова Раушан осы стоматология саласының майталманы. Еңбек жолын осыдан 15 жыл бұрын бастаған Раушан ханым – бүгінде тәжірибелі, өз ісіне адал тіс дәрігері. Ерлі-зайыпты қос дәрігердің бір салада иық тіресе еңбек етуі – отбасылық ынтымақтың тағы бір көрінісі.

Ал «ЖанҰя» емханасының бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін, стратегиялық дамуын тікелей дөңгелетіп отырған – Ержан ағаның қызы, Балжан Ержанқызы. Ол кәсіби тіс дәрігері ретіндегі алғашқы қадамын 2008 жылы еліміздің ең іргелі білім ордасы – С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін үздік тәмәмдағаннан кейін бастаған. Еңбек жолының алғашқы жылдарында ортопедия қызметінде жүріп, үлкен тәжірибе жинақтаған Балжан дәрігер, қазіргі уақытта сұранысқа ие жоғары санатты ортодонт маман.

Баласы әкесінен озса – әулеттің бағы. Балжан Ержанқызы әкесінің салған сара жолын жай ғана сақтап қалмай, оны заман талабына сай жаңа биікке көтерді. Перзенттік үлкен жауапкершіліктің, кәсіби ұшқырлық пен менеджерлік қабілеттің арқасында ол 2021 жылдан бастап клиниканы заңды тұлға, яғни «ЖанҰя» ЖШС деңгейіне дейін жеткізді. Бұл – емхананың құқықтық, материалдық және техникалық базасының айтарлықтай кеңейгенін көрсетеді.

Қазіргі таңда «ЖанҰя» – Қордай ауданында орналасқан, соңғы үлгідегі инновациялық технологиялармен толық жабдықталған бірден-бір заманауи тіс емханасы. Клиникада әлемдік стандарттарға сай диагностика жасауға барлық жағдай жасалған. Орталықтың ішкі құрылымы да өте жүйелі жолға қойылған. Бүгінде үлкен бір ұжым жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, 4 жоғары білікті дәрігер, арнайы мейіргерлер, шаруашылық жөніндегі орынбасары, кәсіби администратор, статист, есепші, тіпті цифрлық жүйені қадағалайтын IT мамандары Қордай ауданының халқы үшін аптаның әр күнінде сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Заманауи нарық заманында кәсіптің материалдық пайдасынан бұрын, оның әлеуметтік маңызы мен халық алдындағы жауапкершілігін биік қою – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Балжан өз сөзінде ата кәсіпті дөңгелетіп әкетудің материалдық пайдасынан, оның мойынға жүктейтін моральдық жауапкершілігі тым жоғары екенін жан жүрегімен түсінетінін жеткізді: «Әкеміз бізге тек мамандықты ғана емес, халыққа адал қызмет етудің үлгісін аманаттады. Жаңа технологиялармен жабдықталған емхананы басқару – біз үшін үлкен міндет. Әр емделушінің күлкісі мен алғысы – біздің отбасымыздың ең үлкен жетістігі».

Мұның бәрі, әрине, алтын ұяда алған ата-ананың салиқалы тәлімі, көрсеткен дұрыс бағыты мен сара жолының нәтижесі. Сүйіндік ата әулетінің бұл өнегелі ісі – өскелең ұрпаққа, жас отбасыларға үлкен үлгі.

Тілебаевтардың жетістігі – отбасылық ынтымақ пен адал еңбектің синергиясы. Бір шаңырақ астында туып, бір мақсатқа жұмылған, ел игілігі үшін түн ұйқысын төрт бөлген мұндай династиялар – Қордай ауданының ғана емес, тұтас еліміздің шынайы мақтанышы мен алтын қоры. Халықаралық отбасы күні қарсаңында осынау абзал жандардың шаңырағына бақ-береке, кәсіптеріне жаңа табыстар мен ұзақ ғұмыр тілейміз! Жанұялық бірліктеріңіз ажырамасын, шипалы қолдарыңыз дерт көрмесін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.