МЕЙРЛАН ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

0

Жуырда, Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде бокстан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізіліп, өз мәресіне жетті.

Алты күнге созылған байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 230-ға жуық жас былғары қолғап шебері қатысып, бақ сынады. Жасөспірім спортшылар 33-тен 70 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде чемпиондық атақ пен жүлделі орындарды сарапқа салды.

Аталмыш чемпионатта, жерлесіміз Мейрлан Бейсехан 58 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, жүлделі бірінші орын иегері атанды.

Осыған орай, аудандық білім бөліміне қарасты Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде аталған жарыстың жеңімпазын күтіп алу рәсімі өтті.

Шараға, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, спорт бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов, спорт мектебінің басшылары, жаттықтырушылар, жас спортшының анасы, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.

«Спорт – денсаулық кепілі десек, спорттағы жетістіктер ел мерейін өсіретін, даңқын арттыратын тынымсыз еңбектің жемісі. Мұндай жеңістер қажырлы күшпен келеді. Қазақстан чемпионатында намысты қолдан бермей, аудан мерейін үстем еткенің үшін алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта да додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көріне береді деп сенеміз. Жеңісің құтты болсын!», — деп аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтауын жеткізген Дамира Маратқызы жас спортшыға Алғыс хатпен, бағалы сыйлықтар табыстады.

Сондай-ақ, республикалық деңгейдегі жарыста жоғары нәтиже көрсетуіне қосқан үлесі үшін оның жаттықтырушысына аудан әкімінің Алғыс хаты және спорт бөлімінің сый-сияпаты тарту етілді.

«Шәкіртім Мейрлан Бейсехан сенімімді ақтап, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде чемпион атағына ие болып отыр. Қарсыластардың бабы келіскен, дайындық деңгейі өте жоғары болды. Ендігі кезекте, Ташкентте өтетін Азия чемпионаты және басқа да жарыстарға дайындықты күшейтетін боламыз», — дейді жаттықтырушысы Данияр Байгелов.

«Мейрланның жетістігі бұл барша спорт мектебінің, ұстаздарының жұмысының нәтижесі. Сіздердің қамқорлықтарыңыздың арқасында баламыздың спорттағы жолы жарқын болатынына сенеміз. Алдағы уақытта да осындай биік белестерді бағындыруда сіздердің қолдауларыңыз маңызды. Баршаларыңызға алғысымды білдіремін», — деп түйіндеді спортшының анасы.

Аудан және облысымыздың атын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларымызға абыройларың асқақтай берсін демекпіз!

Ә.САТЫШЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.