Жас ұрпаққа білім беруде, оларды болашақ еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу әр ұстаздың, әрбір мектептің ең қасиетті міндеті.
Оқушыларға рухани адамгершілік тәрбие беру қазіргі кезде маңызды міндеттердің бірі. Бұл заңды да. Өйткені біздің қоғам өмірінде адамгершілік бастамаларының рөлі артып отыр. Сондықтан алған білімімді тәжірибе жүзінде пайдалануға тырысып, ең бірінші жаны таза, рухани биік, адамгершілігі мол, халқына пайдасын тигізетін тұлға тәрбиелеу міндетім деп санай отырып, осы аталған қағидаларды іс-тәжірибемде қолданып келемін.
Басшылыққа келгеніме аз уақыт болғанына қарамастан, әлеуеті биік ұжымды жұмылдыра жұмыс жасатып қана қоймай, ата-аналармен де, тығыз байланыс орнатып, «үштік одақта» яғни ата-ана, мектеп, оқушы болып тың жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде мектебіміздің мұғалімдері мен оқушылары аудандық, облыстық, Республикалық, Халықаралық түрлі байқаулар мен олимпиадаларда топ жарып, жүлделі орындармен марапатталуда. Марқайған мәртебесімен қоса мектебіміздің іші-сыртының жағдайы жақсы қалыпта болуы, ұжымның бірлікте іс атқаруымен бірге мектеп бітіруші түлектердің де қосқан үлесі орасан зор деп білемін. Өзімізден білім алып, қанат қағып ұшқан түлектеріміз оқушылардың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін керекті заттармен қамтамасыз етіп, мектебіміздің қажетіне жарап, жақсылықты жарыса жасап келеді. Қолынан келген көмегін аянбай, жанашыр болған жомарт түлектерімізге алғысым шексіз.
Р.ТҰРҒАНБАЙ,
№7 Александр Пушкин атындағы орта мектебінің директоры