МЕКТЕПТЕР САЛЫНЫП, МӘДЕНИ ОШАҚТАР БОЙ КӨТЕРМЕК

0

Биылғы жылы ауданымызда атқарылып жатқан құрылыс қарқыны жаман емес. Түрлі әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп, біразы беріліп те үлгерсе, қалғаны кестеге сай атқарылуда. Солардың ішінде бірқатарына бүгін тоқталып өтуді жөн көрдік.

 

Қордай ауданы әкімдігі берген мәліметке сәйкес,  2023 жылы аудан бойынша жалпы 30 жобаға бюджеттен қаржы бөлініп, іске асырылуда екен. Оның 21-нің құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс, 9 нысан 2024 жылға өтпелі болып отыр. «Асар» жобасы аясында биыл 16 аз қамтылған отбасыны жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі күнге 6 тұрғын үй қолданысқа беріліп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында Қаракемер, Қарасу ауылдарындағы 300 орындық мектеп және Бәйтерек ауылындағы 150 орындық мектеп бой көтермек. Қазіргі таңда мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталған. Одан бөлек аталмыш жоба аясында 2024 жылы Қордай ауылында 900 орындық мектептің құрылысын салу жоспарлануда.

Қазіргі таңда Мәдениет саласы бойынша 5 нысанның құрылысы жүргізілуде.  2022 жылы құрылысы басталған Қақпатас, Бетқайнар, Қарасу ауылдық мәдениет үйлерінің құрылысы және Қордай ауылындағы 200000 құжатты сақтау орны бар Қордай ауданының мемлекеттік мұрағатының құрылысы жүруде. Осылардың ішінде Қарасу ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қалған 3 нысан мерзіміне сәйкес аяқталатын болады. Сонымен қатар, Қарасай батыр ауылында 180 орындық мәдениет үйі бой көтермек.

Ауданымызда 2 ішкі істер бөлімінің жаңа ғимараттарының құрылысы салынуда.  Қордай ауылында 150 адамға арналған ІІД бөлімшесі және  Сортөбе ауылында 75 адамға арналған ІІД бөлімшесі. Сондай –ақ,  Қордай ауылында 2 автомобильге арналған өрт сөндіру депосының құрылысы жүруде.

 

Дайындаған Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.