МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

0

Тәуелсіздікке табан тіреген сәттен бастап елімізде көптеген әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып, қараша халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі істер қолға алынып келеді. Осының аясында ауданымызда баспана мәселесі біршама шешімін тауып, аудан орталығында бірнеше көппәтерлі тұрғын үйлер бой көтерді.

Жалпы, елде орын алып жатқан игі шаралардан ауданымыздың тілшілер қауымы да шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, таяуда өткен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында аудан әкімі Рүсем Дәулет «Қордай шамшырағы» газетінің жауапты хатшысы, әріптесіміз Жандос Омаровқа салтанатты түрде су жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Айта кетсек, аудандық газет редакциясында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Жандос Омаров бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерген. 2016 жылы өткен «Қазақстандық бірегейлік» тақырыбындағы облыстық байқауда І орынды иеленсе, сол жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен облыстық «Үздік ұран сөз» байқауының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» және «Бір шаңырақ астынада» атты облыстық байқаулардың жүлдегері, өткен жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және Әл-Фарабидің 1150 жылдығана орай өткен шығармашылық байқаудың жеңімпазы. ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Әріптесіміздің шығармалары «Қазіргі қазақ сатирасы» және «Кәусар бұлақ» кітаптарына енген.

Жиын барысында аудандық басылымның билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналғанын айта келе, аудан басшысы «Шамшырақ» тілшілерінің ауданның әлеуметтік, қоғамдық өмірінде алар орны ерекше екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде редакция қызметкерлері көрсетілген қамқорлығы мен қолдауы үшін аудан, облыс басшылығына алғысын айтып, алдағы уақытта да ауданның дамуына атсалысып, өңір тынысының кеңеюіне сүбелі үлесін қосатындарын алға тартты.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы ауданымызда ауқымды жұмыстар қолға алынып, соның аясында Қордай ауылының «Батыс» алқабынан бірнеше көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлер салынған болатын. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бой көтерген баспаналар бүгінде толықтай қолданысқа берілген.

 

Әлібек ОСПАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.