Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез-құлық мәселесі және бар. Яғни, кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек. Бұл туралы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «өте жоғары этика мен кәсібилік тиімді мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемі болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуде. Кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Қордай ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы-Әдеп жөніндегі уәкіл Жанат Сәбитқызы Дадабаевамен сұхбаттасқан едік.
— Жанат Сәбитқызы, алдымен бүгінгі күні негізгі қызметіңіз бен қоса атқарып отырған жұмысыңызға тоқталып өтсеңіз? Жалпы, Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымының негізгі мақсат-міндеттері қандай?
—Негізгі қызметіме тоқталып өтсем-бүгінде Қордай ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы қызметін атқарамын. Сонымен қатар 2018 жылдан бастап Әдеп жөніндегі уәкілдің функциясы қосымша жүктелген. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі олардың жұртшылық алдындағы мемлекеттік басқару органдарының имиджін анықтайтын мінсіз әдеп мінез-құлықтарымен қатар жүруі керек. Негізінен халық мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отанына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Сол себептен мемлекеттік қызметшілер тек қызметкер ғана емес, халық арасында беделді және үлгі тұтатын тұлғаларға айналуы тиіс. Осы ретте біздің негізгі қызметіміз мемлекеттік органдардың қоғамдағы рөлін күшейту және мемлекеттік қызметкерлердің имиджін көтеру екенін ерекше атап өткен дұрыс. Сонымен қатар уәкілдің қызметі бір жағынан мемлекеттік қызметшілерге деген теріс көзқарастың болмауы үшін де жұмыс атқарады. Басты міндет – мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдер мен жүргізіп отырған саясатына деген сенімді арттыру. Айта кету керек, Әдеп жөніндегі уәкілдін негізгі міндеті – жазалау емес. Уәкілдін қызметі ең алдымен мемлекеттік қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарының және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алуына бағытталған. Қандай жағдай болсын, мемлекеттік қызметкерлер халықпен сыпайы, салмақты түрде сөйлесуі тиіс. Әдеп жөніндегі уәкіл, жалпы мемлекеттік қызметкерлер – мемлекеттің сенімді өкілдері. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қалпына келтіру мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетіп тұрамын.
— Өзіңіздің тарапыңыздан атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсеңіз.
—Жалпы әдеп жөніндегі уәкілдің өзіндік қызмет жоспары бекітілген. Мәселен, жоғарыда айтылған Әдеп кодексі талаптарын орындау бойынша менің тарапымнан 2021 жылдың есепті кезеңінде 10 іс-шара өткізіліп, әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша 29 азаматқа жеке консультативті көмек көрсетілді. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерінің қатысуымен арнайы семинар-кеңестер өткізіліп, мемлекеттік қызметкерге қойылатын негізгі талаптар мен шектеулер және құқықтары туралы айтылды. Сонымен қатар «Antikor.live» жобасы аясында «Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасудың кейбір мәселелері және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға бағытталған шаралары туралы» Facebook, Инстаграм желілерінде тікелей эфирде түсіндіру онлайн-сұхбат өткізіліп, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Facebook желісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлыққа уәждеуге және әдеп нормаларын бұзуды азайтуға бағытталған «Үндеулер» жарияланды. 15 мамыр-Халықаралық отбасы күніне орай аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе отырып, аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерінің қатысуымен отбасы құндылықтарын дамытуға бағытталған «Әкем, анам және мен» атты спорттық ойындардан отбасылық сайыс, 23 маусым-Мемлекеттік қызметші күні кәсіби мерекесіне орай аудандық спартакиада өткізілді.
– Әр ұжымда түрлі мінез-құлықты адамдар болады. Осы бағытта ұжымды қалыпты жағдайда ұстау үшін қандай шаралар қолданасыз?
– «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Қандай болғанда да, мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтап, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі керек. Осы ретте, ұжым арасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында жүргізілетін анонимді сауалнаманың пайдасы бар. Біздің мекемеде де осы сауалнаманы Әдеп уәкілінің бекітілген жұмыс жоспарындағы реттілігі бойынша жүргізудемін, соның қорытындысы бойынша қызметкерлердің арасындағы, қызметкер мен басшылардың арасындағы қарым-қатынас, сенімділік, әдеп нормаларын сақтау жағдайлары талқыланып, мемлекеттік қызметшілерге қандай мәселелерге көбірек көңіл аудару қажеттігі бойынша нақты кеңестер беріп отырамын. Осындай көпшілікпен жасалатын жұмыс ұжым арасындағы өзара қызметтік ынтымақтастықты нығайтуға, қарым қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және ұжымды қызмет барысында ортақ мақсаттарға жетуге біріктіреді деп ойлаймын.
– Мемлекеттік қызметшінің киіміне қандай талаптар қойылған?
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызметшілердің іскерлік киімі туралы негізі ұсынымдары бар. Бұл ұсынымдар аудан әкімдігіне қарасты қарасты барлық мемлекеттік қызметшілерге таныстырылған және басшылыққа алу туралы ескертілген. Аталған агенттіктің ұсынымы бойынша киімге қойылатын негізгі талаптар: ұқыптылық, мұнтаздық, жайлылық және сыртқы бейнеге теріс пікірдің болмауы.
– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік активтерді жеке мақсатта пайдаланудың алдын алу жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметшілеріне мемлекеттік мүлікті тек қызмет бабында пайдалану жөнінде түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерді атқару үшін сеніп тапсырылған материалдық-техникалық ресурстарды (мүлік, көлік, жабдықтар, кеңсе заттары және тағы басқалары) күтіп ұстауға міндетті. Оларға сеніп жүктелген ресурстарды барынша ұтымды және тек қызметтік мақсатта тиімділік пен үнемділік қағидаттарына сәйкес пайдалануы керек. Басқа тұлғаларға да заңсыз іс-әрекеттерді жасауға мейілінше тосқауыл қоюы қажет.
– Мәселен, азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде мемлекеттік қызметші қандай ұстанымдарды ұстануға тиіс?
– Елбасы Қазақстан-2030 Жолдауында: «Әр қызметкер іс жүзінде өзінің пайдалы екенін және керектігін ұдайы дәлелдеп отыруға тиіс» деді. Азаматтармен өзара қарым-қатынас тиімді мемлекеттік аппараттың негізгі өлшемдерінің бірі болып табылады. Біз әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынамыз. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде біз мынадай ұстанымдарды ұстануға тиіспіз: өз ойымызды дұрыс және дәлелді түрде баяндау; сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру; толық консультация беру және болуы мүмкін тәуекелдер туралы азаматтарды хабарландыру; жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмекті көрсету. Шағым түскен жағдайда біз туындаған мәселені жылдам шешу үшін бірден шаралар қабылдаймыз және болашақта ұқсас жағдаяттардың алдын аламыз. Мұндай қарым-қатынас бізге мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық мәдениеті мен кәсібилігі туралы оң пікірді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Мемлекеттік қызметшінің жұмыстан тыс уақыттағы мінез-құлқы қандай болуы керек?
– Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет. Бұдан басқа, жұмыстан тыс уақытта бізге рухани баю үшін мәдениет және демалыс мекемелеріне бару керек, қайырымдылық пен қоғамдық қызметке қатысу және тағы сол сияқтылар қажет. Бұл ретте, бізге ішкілік ішкен күйде қоғамдық орындарда болу, адамның ар-намысына тіл тигізу, заңнаманы бұзу, қоршаған адамдардың тәртібі мен қауіпсіздігіне қол сұғу сынды адамгершілікке жатпайтын қылықтарға жол бермеу керек. Әрқайсымыз жұмыстан тыс уақытта біз өз іс-әрекетіміз бен мінез-құлығымызға жауапты екенімізді, ал, кез келген жағдайда әдеп қағидаттарын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатындығын есте сақтауымыз қажет. Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан қашқақтау қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, алкогольді мас күйде автомобиль басқару, сондай-ақ, жол полициясы қызметкерлеріне бағынбау өрескел әдеп бұзушылық болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші әлеуметтік желіні қолданған кезде интернет желісінің басқа қолданушыларымен әңгімелесуде сыпайылылық танытуы қажет.
– Мемлекеттік қызметші қызметтік өкілеттіліктерді орындау барысында қандай болуы керек және Әдеп жөніндегі уәкілдің мемлекеттік қызметшілер туралы халықпен байланысы қалай?
—Мемлекеттік қызметші азаматтардың мүдделерін бәрінен жоғары қоюы керек және жүктелген міндеттемелерді адал орындауды өз міндеті деп санауы тиіс. Кез келген мемлекеттік қызметші жұмысқа тұрғаннан кейін үш күн мерзімде Әдеп Кодексінің мәтінімен танысуы тиіс. Әуелі, ол қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің негізгі міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға тырысуы керек. Қазіргі кезде осы айтылған мәселеге байланысты көптеген сұрақтар туындап жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы қатаң сақталғаны жөн. Жалпы, заманауи мемлекеттік қызметте кадрларға деген кәсіби талаптар басты қағида болуы тиіс. Оның кәсіби сапасы арқылы мемлекеттік органдардың жұмысы бағаланады. Сондықтан әрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін түсінуі қажет. Себебі, мемлекеттің мәртебесін көтеруге мемлекеттік қызметшінің қосатын үлесі зор. Қордай ауданының мемлекеттік қызметшілері өз Отанына қалтқысыз, адал қызмет етеді деп сенемін. Қосымша ретінде, егер мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзу орын алған жағдайда, азаматтар Қордай ауданы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкіліне 8(72636) 2-11-60, 87014843990 телефондары арқылы хабарласуына және де келесі электрондық мекен-жайға: zhanat_dadabaeva@mail.ru. жазбаша өтініш түсірулеріне болатынын ескерткім келеді.
Әңгімеңізге рахмет!