Мемлекеттік тіл – көпұлтты мемлекетте халықтың ұлттық құрамына қарамай іс қағаздарын мектеп және оқу орындарына оқыту, мәдениет, баспасөз бен байланыс орындарына құқық қорғау мен әскери бөлімдерінде сот істерін жүргізу міндетті деп саналатын саяси құқықтық қасиеті бар мәртебелі тіл. Оны жан-жақты дамыту және оның қолдану аясын кеңейту үшін мемлекет тарапынан белгілі бір уақытқа жоспарланған жан-жақты бағдарламалар жасалынуда.
Мемлекеттік тілдің негізгі әрі басты мәселелері Конституция жүзінде, «Тіл туралы» Заң жүзінде шешімін тапқанымен, күнделікті өмірдің өзі талап етіп отырғандай, тіл саясатын толыққанды жүзеге асыру үшін оны әлі де жетілдіріп, толықтыра түсу қажеттілігі туындап отыр. Солардың бірі мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуі жөнінде міндеттің қойылуы.
Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органда қызмет атқаратын болған соң және де мемлекет пен мемлекеттік тіл біртұтас ұғым болғаннан кейін әрбір мемлекеттік қызметшінің қазақ тілін білуі талап етілуі тиіс. Мұндай талап заң жүзінде қойылмаса, мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасыздық әлі де жалғасын таба береді. Тек талап қойылған жерде, заң арқылы міндет белгіленген кезде бұл мәселе оңынан шешімін табады. Сондықтан мемлекеттік тілді білу Қазақстан Республикасы азаматының, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер үшін міндет болуы тиіс. Қазақ тілін білмеу деген сөз мемлекеттік қызметшінің арына сын. Қолда бар заңдарымызды әрі қарай жетілдіріліп, «мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді білуі міндет» деген бап енгізілмесе, қазақ тілін білмей-ақ мемлекеттік қызметке қабылдана беру жалғасын таба бермек. Сондықтан да мемлекеттік қызметшіге қойылар талап қайтадан қаралғаны жөн. Қазақ тілі– біздің рухани негізіміз.
Біздің міндетіміз оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған.
Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда. Тіл саясаты – ұлт болашағы екенін ұмытпайық.
Е.ІЛИЯСОВ, Қордай аудандық сотының төрағасы