Мемлекеттік тіл – елдің тәуелсіздігін, ұлттық болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Тілді дамыту – тек заңмен бекітілген міндет қана емес, әр азаматтың азаматтық жауапкершілігі. Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның беделін арттыру өзекті мәселе болып отыр.
Мемлекеттік тілді дамытудың жолдары ең алдымен білім беру жүйесінен басталады. Балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін қазақ тілін сапалы әрі тиімді оқыту – болашақ ұрпақтың тілге деген құрметін қалыптастырады. Оқытуда заманауи әдіс-тәсілдер мен цифрлық ресурстарды қолдану тіл үйренуге деген қызығушылықты арттырады. Екіншіден, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі қолданысын кеңейту маңызды. Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарының толықтай қазақ тілінде жүргізілуі, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістікте сапалы қазақша контенттің көбеюі тіл мәртебесін көтереді. Сонымен қатар, бизнес саласында, қызмет көрсету орындарында қазақ тілін қолдануды ынталандыру қажет. Үшіншіден, отбасының рөлі ерекше. Үй ішінде қазақ тілінде сөйлеу, ұлттық құндылықтарды тіл арқылы ұрпаққа жеткізу – тіл дамуының табиғи жолы. Қоғамдық іс-шаралар, мәдени жобалар, әдеби байқаулар да мемлекеттік тілдің дамуына серпін береді.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілді дамыту – тек белгілі бір мекеменің немесе тәжірибелі мамандардың міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру үшін оны күнделікті қарым-қатынаста, білім мен ғылымда, мәдениет пен ақпарат кеңістігінде кеңінен қолдану қажет. Білім,қоғам,отбасы және әрбір азамат бірлесе әрекет еткенде ғана қазақ тілі заман талабына сай дамып,өмірдің барлық саласында кең қолданысқа ие болары хақ. Әр азамат өз ісінде мемлекеттік тілді құрметтеп, қолдануға ұмтылғанда ғана тілдің өміршеңдігі артады. Сонымен қатар, мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламалар мен бастамалар нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Тіл – ұлттың рухани тірегі, ал оны дамыту – ел болашағын нығайтуға қосылған маңызды үлес. Мемлекеттік тілдің дамуы – ұлттық бірліктің, тәуелсіздіктің және мәдени тұтастықтың кепілі. Мемлекеттік тілге құрмет-елге, ұлтқа деген құрмет.
Сапура ТУРЫСОВА, «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қазақ тілі мұғалімі