«Менің ойыншықтарым – баланың сенімді серігі»

0

Жуырда Instagram желісінде отырып, сүп-сүйкімді тоқыма ойыншықтарға көзім түсті. Қолмен тоқылған ойыншықтардың әдемілігіне тамсанып, әлгі парақшада біраз кідіріп қалғанымды байқамай да қалдым. Ең қызығы, бұл көздің жауын алар туындылардың авторы қордайлық келіншек болып шықты. Он саусағынан өнер тамған шебердің шығармашылығымен жақынырақ танысуды жөн көрдік. 

Ольга Мерзлякованың тоқымамен айналысып келе жатқанына жеті жылдан асқан. Барлығы баламен декреттік демалыста отырған кезде басталыпты. «Бір күні интернеттен тоқылған гүлдің суретін көріп, қызыма осындай гүлдері бар көрпе тоқып бергім келді. Ол кезде әлі тоқуды білмейтінмін. YouTube-тегі бейне-сабақтарды көріп, бірден иірілген жіп сатып алып, іске кірістім. Бірнеше гүлді тоқып алып, оларды қалай біріктіру керегін білмедім. Өйткені видеода ол туралы айтылмады. Өзім амалын тауып, ойымдағыдай көрпені тоқып алдым. Осыдан кейін балаларға арналған бас киім, жейде, көйлек сынды түрлі киімдерді тоқи бастадым»,-деп тоқыма әлеміне қалай қадам басқанымен бөлісті.

Ал ойыншық тоқуды араға екі жыл салып қолға алған. Ең алғаш баласының балабақшадағы тәрбиешісіне саусақ театрына арналған ойыншықтарды тігіп берген. Содан бері ол ілмегі мен жібін тастаған емес. Бүгінде Ольганың қоржыны қомақты, ол балалардың сүйікті ертегі кейіпкерлерін айнытпай тоқиды. Бұдан бөлек, өзінің авторлық туындылары бар.

«Тоқыған ойыншықтарымның арасында ең сүйікті кейіпкерім де бар. Бұл менің Миа есімді қояным. Мен оны тоқудың схемасын өзім ойлап тауып, қазір осы қоянды тоқуды өзгелерге үйрететін шеберлік сағатын өткізудемін. Осы уақытқа дейін өзге шеберлердің ақылы сабақтарын алып көріп, немесе еркін қолжетімділіктегі бейнежазбаларды тамашалайтынмын. Бірақ тоқу барысында бір нәрсені өзгертіп, өз дегеніммен жасағым келетін, және нәтижесі де жаман емес шығатын. Сол сәтте мен өзімнің ерекше ойыншығымды жасағым келетінін түсіндім. Ойымдағы ойыншықтың бейнесін көз алдыма елестете отырып, тоқып шықтым. Бәрі бірден мінсіз бола қойған жоқ, әрине. Бірнеше рет сөгіп, қайта тоқуға тура келді. Осылайша, Мия қояным дүниеге келді»,-дейді ісмер.

Ольга авторлық ойыншықтарын өзі тоқумен қатар, қызығушылық танытқан кез келген адам үйренсін деген ниетпен шеберлік сағатын шығара бастады. Бүгінде шәкірттері де өз нәтижелерімен бөлісуде.

Бір ойыншықты тоқу үшін шебер шамамен үш тәулік қажет дейді, бірақ бұл ойыншықтың түріне де байланысты. Кейіпкеріміз ойыншықтарды тоқуға жұмсақ иірілген жіпті қолданады, өйткені одан ойыншықтар өте жұмсақ әрі тартымды шығады екен. «Мұндай иірілген жіппен жұмыс істеу – бір ғанибет. Ойыншықтарға арналған толтырғыш та міндетті түрде жоғары сапалы болуы керек, мен холлофайберді қолданамын, өйткені ол пішінді өте жақсы ұстайды», — деп бөліседі Ольга.

Иә, тоқылған ойыншықтардың артықшылықтары көп. Ол табиғи жіптен жасалатындықтан, балалар үшін қауіпсіз, қатты немесе өткір бөлшектері жоқ. Жұмсақ болғандықтан бала оны құшақтап ұйықтаса да ыңғайлы. Бар мейіріміңізбен өз қолыңыздан осындай тамаша сыйлықты балаңызға тоқып бергіңіз келсе, кейіпкеріміздің шеберлік сабағына жазылуға асығыңыз. Өйткені, Ольга жақында жаңа авторлық туындысы бойынша шеберлік сабағын шығармақ.

Қордайлық қолөнершімен әңгімелесе отырып, оның өз ісіне деген ерекше махаббатын байқамау мүмкін емес. Әрбір ойыншығына ол барын салып, жан дүниесінің жылуын қосатыны сезіледі.  «Қазір мен үшін бұл жай ғана хобби емес, ерекше, ғажайып әлемім. Өз өмірімді тоқымасыз және оның маған әрі айналамдағы адамдарға әкелетін қуанышынсыз елестете алмаймын. Мен жасаған ойыншықтар балаға ең жақсы дос болады. Балақайлар олармен ойнағанды ұнатады, ойыншықтарымен тез ұйықтап кетеді және балабақшаға баруға да дайын тұрады. Өйткені балалардың нәзік жаны үшін қасында әрдайым жақын әрі жайлы ойыншығы болғаны өте маңызды», — дейді қолөнерші.

Сәуле МҰхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.