«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫНЫҢ» ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

0

Татулықты ту еткен әрбір қазақстандық отбасы – қоғамның тірегі. Сол сәні мен салтанаты жарасқан берекелі шаңырақтарды көпшілікке таныстырып, үлгі етіп келе жатқан бірден бір жоба – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы десек қателеспейміз.

Аталмыш шара елімізде отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлығын дәріптеу, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау мақсатында 2013 жылдан бері өткізіліп келеді.
Биыл 15 мамыр мен 15 маусым аралығында дәстүрлі байқаудың аудандық кезеңі өткізілді. Оған қатысуға аудан бойынша 19 округтен 11 отбасы өтініш берген болатын. Осыған орай сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында ұлттық жобаға қатысушыларды марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті.
Комиссия мүшелерінің шешімімен Степной ауылынан Елентаевтар отбасы 3-орынды иеленсе, «ноғайбайлық» Хибраевтар әулеті 2-орынды жеңіп алды. Ал жүлделі бірінші орынды Сортөбе ауылдық округінен Вансинвиндер отбасы иеленді. Жүзден жүйрік шыққан қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай құттықтап, аудан басшысы Мәден Мұсаевтың марапатын табыстады. Сондай-ақ, жиын барысында жеңімпаздарды құттықтаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының маңыздылығына тоқталып, осындай береке мен бірлігі жарасқан шаңырақтарды кең көлемде насихаттасақ, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатары күннен-күнге арта беретінін тілге тиек етті.
Сайысқа түскен барлық қатысушылар өнегелі отбасы деген атқа әбден лайық. Олардың әрқайсысы адамгершілік құндылықтарды қадірлей білетін іргесі мығым отбасылар. Айта кетейік, аудандық байқаудан бірінші орынды иеленген Вансинвиндер әулеті облыстық іріктеуден де сүрінбей өтіп, 22 отбасының ішінен 3-орынды қанжығасына байлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.