МЕРЕЙТОЙЛЫҚ СЕССИЯ МӘРТЕБЕСІ

0

13 шілде күні облыстық Достық үйінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен
«Саяси реформа жағдайында Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жетілдірудің негізгі бағыттары» атты Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы өтті.
Бұл сессияның бұрынғылардан өзгешелігі біріншіден мерейтойлық болса, екіншіден қатысушылардың бейбітшілік пен бірлікті нығайту мәселелерін ауқымды түрде талқылап, жаңа форматта өтуі болды.
Сессия алдында «Жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайтудағы БАҚ пен азаматтық қоғамның рөлі», «Ұлтты топтастырудағы мәдениет пен тілдің рөлі», «Жастар Ассамблеясы — жастар бастамаларын дамыту жөніндегі бірлестік», «Жаңа Қазақстан және ҚХА жаңғырту» атты төрт секцияға қатысушылар бөлініп, жұмыстар жүргізілді.
Секциялық талқылаулар барысында қатысушылар қазақ тіліндегі этностардың тарихын көпшілікке тарату, этномедиацияның түрлі аспектілері, қазіргі әлемдегі әйел, ана рөлі, бірліктің жалпыұлттық келісімін нығайтудағы БАҚ пен азаматтық қоғамның маңызы, әлеуметтік желілердегі жұмысты жандандырудың маңыздылығы, оның ішінде креативті бейне-жобаларды іске асыру бойынша белсенді пікір алмасты.
«Республикалық Дүнген этномәдени орталығының» қазақстандық заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев өз сөзінде барлығын әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеуге шақырды. Өйткені «Бұл біріншіден өзінің мәдениетін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын көрсетуге мүмкіндік береді, екіншіден ҚХА мәртебесі мен маңыздылығын арттыруға әсер етеді, үшіншіден барлық этномәдени бірлестіктердің Президентіміздің саясатын қолдаудағы қызметін паш етуге зор септігін тигізеді», — деді.
Жастар секциясында сөз сөйлеген ҚХА ғылыми-сараптама тобының мүшесі, Ж. Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының директоры, Жамбыл облысы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Сейдахан Бахторазов «Әуелі елімізде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту кезінде этностардың тарихын қазақ тілінде жазу, осы этнос өкілдерінің біздің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырар еді, екіншіден, дәл осы жайт қазақ тілін үйренуге зор ықпал етер еді», — деп, баса айтты.
Секцияларда талқыланған пікір-талас кезінде Жамбыл облысы ҚХА қызметінің басқа да көптеген аспектілері талқыланды.
Одан әрі пленарлық отырыс өтті. Онда секциялық талқылаулардың нәтижелерімен, ұсынымдарымен Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бигелді Тәжібаев таныстырды. Ұсынымдар арасында-БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, сайттарда ақпараттық жұмысты күшейту, аналарға, әйелдерге қатысты кемсітушілікке жол бермеу және олардың мүдделерін қорғау бойынша құқықтық мәселелерді түсіндіруге жәрдемдесу, біздің өңіріміздің дамуына үлес қосқан барлық этностардың ғалымдары мен публицистерінің еңбектерін және басқаларды танымал ету мәселелері ерекше қаралды.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов сессияда сөйлеген сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясының қорытындысы бойынша қойылған міндеттерге баса назар аударды.
Сессияның пленарлық отырысы барысында Жамбыл облысы ҚХА Төрағасының жаңа қоғамдық орынбасары бекітілді. Аталған лауазымға ҚХА мүшесі, ҚХА меценаты, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жалил Аббосов тағайындалды.Іс-шара салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасып, онда Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Лугмар Буларов «Облысқа сіңіргені еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталса, одан бөлек аймағымызда ұлттар достығы, әлеуметтік және экономикалық, еріктілер ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар облыс басшысының грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.