ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ОҢАЛТУ ҚҰРАЛДАРЫНА МҰҚТАЖДАРДЫҢ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ ӨТЕЛМЕК

0

Биыл Жамбыл облысында 12 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтар қажетті әлеуметтік оңалту құралдарымен қамтылады. Қазіргі таңда облыс аймағында 45 625 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 4 155-і І топ, 17 313-і ІІ топ, 17 390-і ІІІ топқа жататын мүгедектер.

Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев:
-Мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті арнайы оңалту құралдарын алу үшін биыл республикалық және облыстық қазынадан 1523,9 млн теңге бөлінген. Мұның 57,9 млн теңгесіне сурдо аппараттар, 149,6 млн теңгесіне тифло құрылғылар сатып алынады. Кресло-арбаларға – 67,5 млн теңге, протез-ортопедиялық және компенсаторлық құралдарға – 243,2 млн теңге және санторлы-курорттық емделу шараларына 453 млн теңге жұмсалмақ, — дейді.
Сондай-ақ, әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 11 215 мүмкіндігі шектеулі азаматты қажетті бұйымдармен қамтамасыз ету жоспарланғанын, қазіргі кезде әлеуметтік қызметтер ұсыну порталы арқылы тиісті оңалту құралдарымен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, Тараз қаласы мен аудандардың бюджеттерінен бөлінген 1462,2 млн теңгеге 9 300 осы санаттағы тұрғынға міндетті гигиеналық құралдар үлестіріліп, әлеуметтік қызметтер көрсетілетіндігін мәлімдеді.
Бүгінде аталған қаражаттың 335,5 млн теңгесіне гигиеналық құралдар алынады, 75 млн теңгесі ымдау тілінің маманының қызметіне төленеді. Жеке көмекшінің қызметіне – 124,2 млн теңге, үй жағдайындағы арнаулы әлеуметтік қызметке 927,5 млн теңге қаралып отыр.
— Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының әлеуметтік қызметтер ұсыну порталындағы орындалу көрсеткіші 63 %-дан асты. Онда тіркелген 16 279 өтініштің 10 475-і шешімін тапты. Жеке оңалту бағдарламалары аясында өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың 28 %-ға жуығы протез-ортопедиялық құралдармен қамтылды. Бұл орайда, 3 882 өтініш тіркеліп, 1 078-і орындалғанын айта кеткен жөн. Ал сурдотехникалық құралдармен қамтылған мұқтаж азаматтардың көлемі 63 %-ға жетіп жығылады. Бұл бойынша 384 өтініш түссе, бүгінге дейін 241-ін қамтыдық, — деді Ермек Бықыбайұлы.
Қазіргі таңда порталға тіркелген 541 өтініштің 369-ы орындалған. Аймақтағы қажеттілігі бар тұрғындардың 76,2 %-ы кресло-арбалармен қамтылып, порталға түскен 579 өтініштің 541-і қанағаттандырылған. Санаторлы-курорттық емделуге қатысты көрсеткіш – 26,4 %, 3 091 өтініш тіркелсе, 815 азамат демалысқа жіберілді. Жеке көмекшілердің көмегіне мұқтаждардың 90 %-дан астамы, 251 адамның 228-і қамтылған. Ымдау тілі мамандары тіркелгендердің 92 %-ына, 461 тұрғынның 424-іне жіберілді. Міндетті гигиеналық құралдар қажетті жандардың 93,1 %-ы бөлінді, 7 390 өтініш тіркелсе, 6 879-ы орындалды.
-Басқарма тарапынан былтыр аталған бағыттағы жұмыстардың 92,4 %-ы орындалды. Порталға тіркелген өтініштердің саны 26 018 десек, 21 051-і шешімін тапты. Бұл көрсеткіштер негізінде республика аумағында екінші орындамыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мүгедектерді жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес оңалту құралдарымен және қызметтермен қамту 85 %-дан төмен болмау керек деп белгіленген, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.