МЕРЕКЕ БЕРЕКЕНІ АЛМАСЫН ДЕСЕҢІЗ

0

Әдетте жаңа жылдық мереке әр отбасында, жақындарының жанында, мерекелік дастархан үстінде тойланады. Бірақ осындай мейрамды жұмыс орнында қарсы алатын қызметкерлерде аз емес, олар жөнінде де ұмытпаған жөн. Солардың бірі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, себебі бұл күндері өрт, тағы басқа төтенше оқиғалар саны күрт өседі.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде, мерекелік шаралар ұйымдастырылатын мекемелерде өрт-техникалық тексеру өткізіп, жауапты адамдарға нұсқаулықтар беруде.
Соңғы жылдары фейерверк, жарылғыш және тағы басқа пиротехникалық заттарды қолданудан шыққан өрт жағдайлары да жиі тіркеледі. Қауіпті ойыншықтармен ойнап, әртүрлі дәрежедегі күйік, жарақат алған балалар мамандарды алаңдатуда. Облыстық күйік орталығының мамандарының айтуынша бұл күндері күйік орталығына жарақат, күйік алып түскен балалардың саны өседі. Былтырғы жылы да, тіпті биылғы жылдың өзінде бірнеше бала осындай жарақаттар алып, ауруханаларға түскен.
Жаңа жылдық және мерекелік күндердің қарсаңында облыстың елді мекендерінде орналасқан сауда базарларында азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдардың сатылуы мен қолданылуы жүзеге асырылады. Саудаға түсетін пиротехникалық өнімдердің басым көпшілігі сертификатталмаған болады және арнайы белгіленбеген орындарда сатылады. Тұрғындардың аталған пиротехникалық өнімдерді қолдануы олардың әртүрлі дәрежелі термиялық жарақаттар алуы мен өрттің пайда болу қаупін тудырады.
Сонымен қатар, пиротехникалық өнімдерді олардың сақталуын қамтамасыз ететін, күн сәулесі мен атмосфералық ылғалдылықтың тура түсуіне жол бермейтін дүкендерде, павилондарда, дүңгіршіктерде сатуға болады және аталған сауда орындары өрт дабыл қондырғыларымен, алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы тиіс.
Қордай ауданы сауда базарларының аумағында жеке тұлғалардың жоғарыда көрсетілген ережелердің талаптарын сақтамай пиротехникалық өнімдерді сатуы ТЖ бөлімін алаңдатуда.
Жылда сауда орындары арқылы жергілікті және шетелдік (Ресей, Қытай, Корей және т.б.) жерлерде дайындалған түрлі пиротехникалық заттар сатылуда. Пиротехникалық заттардың бақылаусыз сатылуы және оны қолдануда өрт қауіпсіздігінің бұзылуы көптеген өрттердің, адам өлімі, күйік, жарақат алуына себеп болуда. Өрт қауіпсіздігі Ережесіне сәйкес осы мақсатқа лайықталған дүкендерден басқа сауда орындарында, базарларда пиротехникалық заттарды сатуға тиым салынады. Сонымен қатар 14 жасқа толмаған балаларға және сәйкестік сертификаты, қолдану нұсқаулығы жоқ заттарды сатуға тиым салынады. Сол себептен қызықты мерекелеріңіздің шырқы бұзылмасын десеңіздер, пиротехникалық заттарды сатып алардан бұрын мына төмендегі кейбір ережелерді естен шығармағандарыңыз жөн. Аталған заттарды қолайлы сақтау қоймасы бар, тек арнайы дүкендерден алыңыздар, ешқашан базарлардан, қолдан алуға болмайды. Себебі дұрыс сақталмаған пиротехникалық заттар қолданыста бірден жарылмауы немесе қолда бірден жарылуы мүмкін. Заттарда сәйкестік сертификаты және толық жазылған қолдану нұсқаулығы болуы тиіс. Нұсқаулықтың мәтіні қазақ немесе орыс тілінде айқын, көзге көрінетіндей болуы тиіс. «Абай болыңыз» деген ескерту жазуы ерекше шрифпен жазылады. Сыртқы орауында міндетті түрде заттың атауы, сауда маркасы, дайындалу мерзімінің болуын қадағалаңыз.
Сонымен пиротехникалық заттарды сатып аларда абай болыңыздар, сапасына, сертификатына аса көңіл аударып, қолдану кезінде қарапайым өрт қауіпсіздігі ережесін естен шығармаған жөн. Балаларға осы бір қарағанда қауіпсіз, көркем заттар дұрыс қолданбаса қандай зардаптарға әкелетіні жөнінде түсіндіріңіздер.

Қ.Тастыбаев, Қордай ауданы ТЖБ аға анықтаушысы,
азаматтық қорғау аға лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.