МЕРЗІМ МЕН САПАҒА МӘН БЕРІЛЕДІ

0

Кез-келген құрылыс жұмыстарына қатаң қадаға болмаса жұмыстың жүйелі жүруі екіталай. Бұл жерде мердігерге сенімсіздік емес, мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуын бақылау, келісімде көрсетілген мерзімде жұмысты аяқтауға ықпал ету, сапаға көңіл бөлу. Осы орайда былтырдан бері алып құрылыс алаңына айналған ауданымызда биыл да көптеген құрылыс нысандары бой көтеруде. Ал, оған бақылау күшеймесе кеміген жоқ.
Өткен бейсенбі күні ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет жоғарыда атап өткеніміздей құрылыс жұмыстарына бақылау жасап, бірнеше нысанды Қордай ауданы әкімінің орынбасары Елдос Мендекеев және құрылыс бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бақаевпен бірге аралады. Рүстем Рысбайұлы алдымен Қордай ауылының «Батыс» ықшам ауданында бой көтеріп жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жұмысымен танысты. Қараша айы ортасынан ауып, желтоқсанның ауылы жақындап қалса да құрылыс қарқыны еш бәсеңдемеген. Керісінше, қыза түскендей. Төрт бірдей бес қабатты тұрғын үйлер қатарласа бой көтеріп келеді. Қазіргі таңда үшінші қабатты еңсеріп, төртінші-бесінші қабатқа кіріскен құрылысшылармен, мердігер компания өкілдерімен сөйлескен облыс әкімінің орынбасары бірқатар ескертулері мен қатар ұсыныстарын айтып, мерзім мен сапаға аса мән беру керектігін айтты. Осыдан кейін Рүстем Рысбайұлы Степное ауылдық округіне қарасты Қалғұты ауылында бой көтерген 180 орындық мектепке барды. Жақын күндері кілті тапсырылғалы отырған білім ошағын жылыту жүйесіне қосу және өзге де кезек күттірмейтін мәселелер бойынша мамандарға ескерту айтқан Рүстем Рысбайұлы осыдан кейін Отар ауылдық округіне жол тартты. Отар аймағына алдағы жылы үлкен жоспарлар жасалып жатқаны турасында газетіміздің өткен санында аудан әкімі Мәден Мұсаевтың жұмыс сапары барысы туралы мақаламызда айтқан болатынбыз. Облыс әкімінің орынбасары сол жоспарлардың іске асуына дайындық барысын осы күні бір пысықтап өтті. Қауіпті және аса қауіпті штаммдар коллекциясы үшін жерасты қоймасы мен зертханасын салу жобасын іске асыру бойынша жер телімдерін нақтылау үшін Алматыдан арнайы мамандар да шақыртылған. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми зерттеу институты жанынан ашылатын бұл зертханада ғалымдар өте күрделі зерттеулер жүргізіп, түрлі вирустардың алдын алу үшін жұмыстар жасайтын болады. Сол үшін ол орналасқан жер де жұмыс жүргізуге ыңғайлы болуы шарт. Осының барлығы мамандармен келісе отырып іске асатын болады. Жұмыс сапары барысында Отар аймағында келер жылы қолға алынатын құрылыс жұмыстары кезінде жұмысшыларды орналастыру және өзге де мәселелер турасында сұрақтар қаралып, бірқатар жауапты мамандарға тапсырмалар жүктелді.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.