ГАЗДАНДЫРУ ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢДЕМЕУ КЕРЕК

0

Осы аптада аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде үш сұрақ қаралды.
Ауданда газ тартылған елді мекендердегі тұрғындарды газға қосу жұмыстарының барысы, елді мекендерді ауыз сумен қамту және Тараз қаласындағы Қордай ауданының күндеріне дайындық жұмыстары мәселелері талқыға түсті.
Бірінші сұрақ бойынша тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Амантаев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жайына кеңінен тоқталды. Былтырғы жылы аудан бойынша екі бағытта іске асқан газ тарту жұмыстарының аяқталғаны, бүгінгі таңда тұрғындардың қосылуы жайында және алдағы жоспарлар турасында сөз еткен баяндамашы бірқатар кемшін тұстарға да тоқталып өтті.
«Ауданымыздағы газдандырылмаған Керу, Қарасай, Еңбек, Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарын газдандыру үшін ағымдағы жылы жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті, бүгінгі таңда республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім тапсырылды. Жоспарланған 6 ауылдың 2-не (Қарасай, Еңбек) 2022 жылы құрылыс жұмыстарын бастауға 400 млн.теңге бөлінді. Жоба 2023 жылға өтпелі болып отыр. Ал, Бәйтерек ауылын газдандыруға бүгінгі таңда жобалау және зерделеу жұмыстарын әзірлеу жоспарлануда.
Сондай-ақ, газ жеткен 22 елді мекендерде қазіргі таңда ауыл ішіндегі көшелер арқылы газ құбыры құрылысының жұмыстарын жүргізетін мердігерлер іске кіріскен, бірақ кейбір ауылдарда әлі де жұмыстар өте төмен деңгейде атқарылуда. Атап айтсақ Масаншы, Күнбатыс-2, Қызылсай ауылдарын газға қосу көрсеткіштері өте төмен, ал Күнбатыс -2, Қызылсай ауылдарында бірде-бір тұрғын үй газға қосылмаған. Ал, көршілес орналасқан Күнбатыс-1 ауылынның 47 ауласының 31-і газға қасылған. Сондай-ақ Отар, Кенен ауылдарында тұрғындарды газға қосу жұмыстары төмен жүруде. Алға, Көгадыр, Мұзбел ауылдарында тұрғындарды газға қосу көрсеткіші күнделікті мониторингке сәйкес тамыз айындағы көрсеткіш деңгейінде қалып қойған, яғни жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ», — деген баяндамашы Қордай ауданы бойынша 86 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын табиғи газға ауыстыру жұмыстарын кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқанын айтып, әрқайсына жекелей тоқталып өтті.
Осы орайда аудан басшысы газдандыру жұмысы бәсеңдеп қалған округ әкімдері мен жауапты мамандарды сұрақтың асына алып, бірқатар ескертулер жасады. Оның ішінде газға қосылу жұмыстары тым төмен ауыл әкімдерінен түсініктеме алынатын болды. Мәден Тоқтарбайұлы газ кіргізуге ниет білдірген тұрғындардың тұрғын үй құжаттарын заңдастыру жұмыстарын орталықтандырып ұйымдастырып, тұрғын үйлерге газ кіргізіп жатқан мердігер компаниялардың жұмыстарын күнделікті қадағалап, заңға сәйкес тиісті шараларлар қолдануға, келесі аппараттық кеңеске дейін жоғарыда аталған округтерде газға қосу жұмыстарында оң динамика қалыптаспаса ауылдық округ әкімдеріне шара қолдану бойынша ұсыныс енгізуді жауапты мамандарға тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші сұрақ бойынша «Қордай су» мекемесінің директоры Айдос Орымбетов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарын жіпке тізіп, бірқатар округтегі проблемалық мәселелерге назар аударды. Осы орайда аудан басшысы Үлкен Сұлутөр ауылының ауыз су мәселесін шешу мақсатында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қанша метрден судың шығатынын және судың қорын анықтау, су сорғысын қою мәселесі бойынша нақты ұсыныс беру, аудандағы елді мекендердің ауыз су жүйелеріне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін 2022 жылдың бюджетінен «Қордай су» ШЖҚ КМК-на қаржы қарастыру мәселесін анықтау бойынша жауаптыларға тапсырма берілді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – облыс орталығында Қордай ауданы күндерін өткізу бойынша сұрақтар кеңес барысында тағы бір мәрте пысықталып, жәрмеңке мен көрме ұйымдастыру, адамдардың қауіпсіз барып-қайту турасында аудан әкімінің орынбасарларына, бөлім басшылары мен құқық қорғау органдары өкілдеріне тапсырмалар жүктелді.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.