МЕРЗІМ МЕН САПАҒА МӘН БЕРУ ҚАЖЕТ

0

Жыл басынан бері ауданымыздың бірнеше ауылдық округінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде ауыл тұрғындарының ұзақ жылдар бойы көтеріп жүрген мәселелері басты назарға алынған еді. Әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жұмыстарына басымдық берілген болатын. Ал, жұмыстардың мерзім мен сапаға сай болуы үнемі аудан басшылығының қадағалауында.
Өткен аптада аудан әкімі Мәден Мұсаев Сарыбұлақ пен Қайнар ауылдарына ауыз су тарту жұмыстарының жайымен танысты. Осыдан бұрынырақ аудан әкімі әсіресе Сарыбұлақ ауылындағы атқарылып жатқан жұмысқа бірқатар сын айтқаны туралы жазған болатынбыз. Содан кейін құрылыс қарқыны артқан еді. Аудан әкімінің осы жұмыс сапарынан байқағанымыз әлі де болса мердігерлер кестеден ауытқып жүргені көрініс тапты. Мәден Тоқтарбайұлы құрылысшыларға ескерту жасап, уақытынан кешікпейміз деп сапаны ұмыт қалдырып алмау қажеттігін жеткізді. Нысан басында жауапты мекеме басшылары мен мердігерлерге ұсыныстар мен ескертулер айтылып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Мұндай жұмыстар Степное ауылында да жүріп жатыр.
Биыл бірқатар ауылдарда жаңа мәдениет үйлері бой көтеруде. Соның бірі Қақпатас ауылында. 180 орындық мәдениет ошағының құрылысы басталғалы көп бола қойған жоқ. Мұнда да аудан басшысы мерзім мен сапаға көңіл бөліп, 785,54 шаршы метр болатын нысанның жұмысы әрдайым бақылауда болатынын ескертті.
Еске сала кетсек, ауданымызда биыл мәдени ошақтарды салу және күрделі жөндеу жұмыстарына көп көңіл бөлінген. Қақпатаспен қоса Бетқайнар ауылында осындай нысан бой көтеруде. 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жыл соңына дайын аяқталады деп күтілуде.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.