МУЗЕЙ ҚОРЫ ЖАҢА ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

0

Аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің өткен сандарында «Музейге сый тарту» акциясы жарияланған болатын.
Аталмыш акция 2015 жылдан бері 15 маусым мен 15 тамыз аралығында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Шараның басты мақсаты аудан тұрғындарының қолындағы елеусіз жатқан тарихи маңызы зор, құнды заттарды, ұлтымыздың ірі тұлғаларының жәдігерлерін жинақтап, кәсіби тұрғыда сақтау және көпшілік назарына ұсыну үшін аудандық музейге тапсыруға үндеу болды. Қазіргі уақытта да халықтың қолында әлі де сақталып келе жатқан, ғылыми айналымға түспеген небір құнды жәдігерлер бар. Әрине, көпшілігіміз бұл заттарды «бабамның көзі» деп отбасылық тәбәрік ретінде көріп, сыртқа шығаруға қимаймыз. Алайда, жәдігердің бүтін қалпын тек бірнеше ұрпағы ғана көруі мүмкін. Оның үстіне, кез-келген зат уақыт өте келе тоза бастайды. Ал музейге тапсырылған әрбір заттың құжаты жасалынады. Ол енді жойылмайды, қорда тізімделіп, ерекше жағдайда сақталады. Сөйтіп, ауа, ылғал, шаң-тозаңнан қорғалып, күннің көзі, электр жарығы түсуінен сақтандырылып, яғни шіруге, бүлінуге, жойылуға ықпал ететін жағдайлардан қорғалады. Осылайша арнайы күтімдегі жәдігер ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жете береді.
«Музейге сый тарту» акциясы жарияланған күннен бастап қандай да бір тарихи құндылығы бар жәдігерді музей қорына өткіземін деушілер қатары көбейе түсті. Мәселен, Қордай ауылының тұрғыны, зейнеткер Зоя Викторовна Щукина ағаш талдарынан өрілген себет пен асқабақтың қабығынан жасалған құмыраны, Сұраншиев Жан ағаш сүргіні, қолөнер шебері Конградбаева Венера целлофан пакеттерден жасалған қос аққуды, Скатова Үмітай әже өткен ғасырда өз қолымен сомдаған қолөнер бұйымдарын, ал Арал ауылының тұрғыны Аметов Марат қабырға сағаттарын, қант қайшы және дәрі өлшеуішті музейге сыйға тарту етті. Көне жәдігерлер музей экспозициясынан лайықты орындарын тапты. Ендеше тарих тереңінен тамшыдай жинақталған туған жердің тарихын айғақтайтын баға жетпес құнды заттарыңызды музейге сыйға тартып, Отанымыздың тарихи мұраларын толықтыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін Сіздерге шын жүректен алғыс айтамыз.
Тарихымызды тануға, түгендеуге үлес қосқан тағылымды шара мұнымен аяқталмайды. Әулетіндегі мұраға қалған бұйымды өткізуге ықыласты жандарға музей есігі әрдайым ашық. Жыл соңында музейге сыйға тартылған жәдігерлерден арнайы көрме ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылатын болады.

А.КИЗИРОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.