Жақында редакциямызға егде жастағы кейуана кіріп келді.
-Бала күнімізде «нан қиқымын шашпаңдар», «жерде нан жатса теріп алыңдар», «адам аяғы баспайтын жерге қойыңдар, ит пен құс жеп кетеді» дегенді естіп өстік. Үлкендердің айтқаны заң еді ғой, бұлжытпай орындайтынбыз. Бүгінде тілі бұлдырлап енді шыққан немеремнің балабақша тәрбиешілері үйреткен «Нан қиқымын шашпаңдар, Жерде жатса баспаңдар, Теріп алып қастерлеп, Торғайларға тастаңдар» деп қайталап айтып жүргенін естігенде, жиі нан қадірі жайлы ойланамын, — деп бастады әңгімесін. — Біз сұрапыл соғыстан кейінгі жылдары өмірге келдік. Ол кездердің қиын-қыстау уақыт болғаны баршаға мәлім. Біз таңертең ерте тұрып, нан мен сүт алуға кезекке тұратынбыз. Ерте барсақ, жолымыз болып үйге нан арқалап келеміз. Ал, егер үлгермесек, сол күні аш қаламыз. Сендердікі мамыражай заман. Тіпті, бүгінгілердің дені қара нанның қадірін білмейді. Оларды бір күнге біздің заманымызға апаруға мүмкіндік болса ғой. Сонда қолындағы барға шүкіршілік етіп, астамшылық жасамайтын еді, — деді күрсініп.
Қарт ананың көздегені — ас атасы саналатын қасиетті нанның қадірін сақтау, барымызға шүкіршілік ету. Сөзінің жаны бар. Мәселен, соңғы жылдары жұма күндері аудан орталығындағы сауда нысандарының бірінде қайырымды кәсіпкерлер тегін нан таратып жүр. Ораза айы басталғалы бері аудандық мешітке қарсы беттегі жол бойында да нан-тоқаш таратылуда. Әрине, мұндай азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көптеген мұқтаж жандардың күнкөрісіне қолдау көрсетіп келеді. «Сол жиналған халықтың ішінде үйіндегі асырап отырған шошқасына беру үшін тегін нанды алатындар бар. Ақ нан беріп бағып, семіртіп, сойып етін сатады. Бұған не дейсіз?! Сұмдық жағдай ғой! Көптеген шынайы мұқтаж адамдарға жетпей қалатын кездер болады». Әрине, бұл жағдайда қандай да бір пікір айту өте қиын. Тек, кейбір адамдар нанның қадір-қасиетін ұмытпаса екен, шын ниетпен өз ауылдастарыма көмегімді тигізейін деп жүрген ел азаматтарының еңбегін бағалай білсе екен тілегіміз бар.
Алуа ТҰРҒАНБАЕВА