ЖАСТАРДА МҮМКІНДІК МОЛ

0

Өткен сәрсенбіде Қордай аудандық «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Жастарға кеңес» консалтинг орталығы аясында аудан жастары үшін қоғамдық қабылдау өткізілді. Қоғамдық қабылдауға аудан әкімдігіне қарасты экономика, білім, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту бөлімдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен аудандық орталық аурухана және жастар орталығының мамандары қатысты.

Шара барысында аудан жастарының көкейінде жүрген сауалдарына тиісті жауаптар берілді. Аудандық партия филиалының өкілдері жастар тиісті сала мамандарынан алған құнды мағлұматтарды тиімді пайдалану қажет екендігін және мұндай іс-шараны жиі өткізуді қолға алу қажеттігін жеткізді. Тұрғындар көп шоғырланатын аудандық «Халық Банк» АҚ жанында ашық аспан астында өткен қабылдауға келушілердің қарасы көп болды. Осы күні жастардың көбісі жеңілдетілген несие алу бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен жұмыспен қамту орталығына қайырылды. Айта кетсек, қазіргі таңда отыз бес жасқа дейінгі жастарға 2,5 пайызбен несие берілуде. «Қажетті құжаттарды жинап, жоспарыңызды жазып, арнайы комиссия алдында бизнес жоспарды сәтті қорғасаңыз болғаны. Осы бойынша мейлінше мәлімет алған жастар кәсіпкерлікке қызығушылықтарын танытуда. Бұдан бөлек, жастарға арналған бағдарламалар кеңінен насихатталып, кейбір көтерілген мәселелер хаттамаға тіркелді. Орта арнаулы білімді аяқтауға таяу білімгерлер жұмысқа орналасу бойынша тиісті жауаптарын алып, ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын білдіруде.
-Мұндай жастарға керекті іс-шаралар алдағы уақытта жиі өткізіліп тұрады. Бүгінгі шараға көптеген жастар қатысып, тиісті мәліметтерін ала алды деп ойлаймын. Расында қазіргі таңда жастарды қолдауға бағытталған әралуан бағдарламалар іске асырылып жатыр. Дегенмен бұл мүмкіндіктерден кейбір жастар хабарсыз боп шығады. Осыны ескеріп, осындай іс-шараларды көптеп қолға алуды көздеудеміз- дейді аудандық Жастар Рухы төрағасы Мадияр Қарабаев.
Айта кетейік, бұл күнгі қабылдауға тек жастар ғана емес, жалпы аудан тұрғындары қатысып, тиісті жауаптарын алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.