НАШАҚОРЛЫҚТАН АУЛАҚ БОЛЫҢЫЗ

0

Есірткі бағзы замандардан қолданылып келе жатқан дерт екені тарихтан белгілі. Біздің заманымызға дейінгі 2700 жылдары Қытайда анаша пайдаланылды деген дерек бар. Көкнәрді Египетте емдік және діни ғұрыптарда пайдаланғаны туралы грек тарихшысы Геродоттың да еңбектерінен кездестіруге болады. Ең алғаш рет есірткінің зиянын шығыс ғұламасы Ибн Сина жазып көрсеткен.

Көкнәрдің таралуы XIX ғасырда кеңінен етек алды. Ол үшін Англия мен Қытай арасында соғыс та болды. XX ғасырдың ортасында дамыған батыс елдерінде нашақорлық пен есірткі айналымы қауіпті жағдайға жетті. Бұл жағынан АҚШ бірінші орынға ие болды.
Есірткіге қарсы күрес XX ғасырдың басында халықаралық сипат алып, арнайы құжаттармен бекітілді. 1946 жылдан бақылау Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырына көшті.
Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезеңде ересектер арасында да есірткіге әуестенетіндер көбейіп келеді. Жастардың арасында есірткіге әуестік көп ретте білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Олар жас болғандықтан қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне адам ойына келмейтін жауап кайтарады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, жан-дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық калыптаспағандығы, иланғыштық, кері әсерге еліктеушілік алғаш рет спирт ішімдіктері мен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер. Жасөспірімдер өздерінің ержүректігін, дербестігін танытуға болатын топтар мен ұйымдарға бірігеді. Мұндай топтар үй жақта, би алаңдарында, мектепте де ұйымдасады және топ ішінде алғашқы «тексерістер» болып өтеді. Топтық психология, еліктеушілік, ермелік топ ішінде біреуі есірткі немесе шарап дәмін татқан болса, уақыт өткен соң топтың барлық мүшелері есірткі мен алкогольге әуестенуге соқтырады. Бұзақылар арасына түсудің де себептері көп. Бұл отбасындағы кикілжің де, ата-аналардың, мұғалімдердің бала бос уақытын калай өткізетініне назар аудармауы да, тіпті баланың қолында артық ақшаның жүруі де болуы мүмкін. Сөйтіп күндердің күнінде топқа бұрын есірткінің дәмін татқан «білгіш» қосылады. Бір ерекшелігі нашақорлар басқаларды есірткіге әуестендіру әрекетін әдейі жасайды. Өйткені нашақор еңбек етуге дәрмені жоқ адам, ол есірткі сатып алуға қажетті ақша іздейді де жүреді. Нашақор қаражатты ұрлықпен табудан басқа амалын білмейді, ал ұрлык әрдайым жазасыз болмайды. Сондықтан нашақор ата-анасы ауқатты жасөспірімдерді есірткіге әуестендіруге, соның арқасында өзінің «қамын» ойлауды мақсат етеді. Нашақордың жасөспірімдер тобына қосылуының себебі де сол. Ол алдымен наша шегуді немесе ес ауыстыратын дәрі ішуді ұсынады. Еліктегіш жастар дәм тата бастайды. Олардың бірі қызық көруді қаласа, екіншісі басқалардан қалмауды, тағы бірі өзін ересек көрсетуге тырысуды, ендігі біреуі бар қиындықтан қашып, ләззат аламын дейді. Бара-бара жасөспірім нашақорға, есірткінің құлына айналады. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек.
Токсикомания – булармен, газдармен демалу. Токсикоманияның кейбір формалары ароматтық және басқа да заттар, мысалы тұрмыста қолданылатын ацетон, бензол арқылы таралады. Бұл ерітінділер, тазартқыштар, синтетикалық желімдер, никробояулар, дақтарды кетіретін сұйықтықтар және т.б. Үйде негізінен дезодорант-спрей, шашқа арналған лак, жиһазды тазартуға арналған сұйықтық, тырнаққа арналған лак, бензин және т.с.с. Токсикоманияның әсерінен бұлшық ет аурулары, жүріс-тұрыс бәсеңдеуі, салмақ жоғалту, бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылуы, бас миының және жүйке жүйесінің бұзылуы, еске сақтау, ойлау қабілеттерінің әлсіреуі сияқты ауруларға, ал әрі қарай асфиксияға (дем алудың қиындауы), естен тануға, комаға және кенеттен қайтыс болуға әкеліп соғады.
Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі ең басты өткір мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы он жылда еліміздегі нашақорлар тобы молайып, оның ішінде балалар арасындағы есірткіге құмарлар қатары өскен. Соның ішінде есірткі дертіне шалдыққандардың жасы отыз жастан жоғары емес. Бұл жағдай күннен-күнге есірткі пайдаланушылардың “жасарып” келе жатқандығын дәлелдейді. Талай жеткіншек нашақорлық салдарынан қауіпті кеселдің құрбанына айналып, жыл сайын ата-ана, туған-туыстарына қайғы-қасірет әкеліп жатыр.
Нашақорлық — бұл есірткі заттарды (гашиш, марихуана, героин және басқа) қолдану салдарынан пайда болатын ауру. Нашақорлық, яғни наркомания ежелгі гректің “нарко” деген сөзінен шыққан, ол “қозғалыссыздық”, ал “мания” “ессіздік” деген мағынаны білдіреді. Осы ұғым бұл аурудың нағыз мәнін сипаттайды. Есірткі қабылдайтын барлық адамдар есірткі заттарға тәуелді болып, соның салдарынан оларға барған сайын үлкен доза керек болады.
Есірткі заттарға апиын (опий), кокаин және басқалар жатады. Апиынға құмарлық- адамзат тарихындағы ең ежелгісі. Ол көкнәрдан жасалған заттарды қабылдаумен байланысты. Морфий 1806 жылы опийдан алынған. Оны Наполеон әскерінің әскери химигі ашқан. Ағылшын ғалымы Вуд морфийды ауруды басатын дәрі ретінде теріге енгізуді ұсынады. 1875 жылы “морфийшілдік” деген термин пайда болды. Апиынға құмарлық өте жылдам дамитынын айта кеткен жөн. Кокаин де бізге ежелден жеткен препараттардың бірі болып саналады.
Неғұрлым көп тарағаны кенеп шөп немесе қара сора ( конопля), гашиш,анаша, марихуана препараттарын қолдану.
Нашақорлықты емдеуден гөрі алдын алу жеңілірек болады. Нашақорды емдеу үшін 3-6 айдан бастап 2 жылға дейін уақыт қажет. Мәліметтер бойынша нашақорлардың тек 5%-ы ғана өздігінен қалыпты өмірге оралатыны мәлім. Ал қалған 95%-ы не болады? Егер бұрын жағдайы нашар ортадан шыққандар ғана нашақор болса, ал қазір бұл эпидемия қоғамның барлық деңгейін қамтып келеді. Нашақорлық ұлт таңдамайды. Есірткіге құмарлық өмір бойы сақталуы мүмкін. Тек санаулылары ғана есірткіге тәуелділікті жеңе алады. Қауіптен құтылудың ең дұрыс тәсілі – оларды еш уақытта татып көрмеу.

АОА алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.