Сөз жоқ, Қазақстан экономикасының басты көзірі – мұнай. Соны сатудан түскен пайданың өзі-ақ Ұлттық қорды толықтырып, нәпақамызды айырып тұр. Алайда оның таусылатын қор және шикізаттық экспорт екенін ұмытпаған жөн. Оған соңғы кездегі экспорттық қысымдарды қосыңыз. Бұл тұрғыда шағын және орта бизнес (ШОБ) біртіндеп жалпы бизнестің бел омыртқасына айналып, негізгі позицияға шығуға тиіс.
БАСТЫ ПРОБЛЕМА НЕДЕ?
Қайткен күнде де келешек ШОБ-та болып тұр. Дүниежүзілік банк мәліметінше, ШОБ секторы жаһан бизнесінің 90 пайызын алып отыр. Алайда кез келген табиғи апат пен түрлі демонстрациялар мен көтерілістер ең бірінші кезекте ШОБ нысандарын талқан етеді. Rysqulov Analytics зерттеу орталығының дерегінше, осындай аса маңызды әрі аса жұқалтаң салада қазір ел бойынша 4 миллионға жуық адам еңбек етеді. Бізде қазір бұл секторды лайықты деңгейде дамыған деуге келмейді. Десе де талпыныс бар.
Президенттің экономикалық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі Сума Чакрабартидің айтуынша, цифрландыру тұрғысынан шағын бизнес артта қалып қоюы ықтимал. Себебі цифрлық шешімдердің көбі негізінен ірі кәсіпорындар үшін жасалады. Ондай шешімдер шағын және орта бизнес үшін тым қымбатқа түсуі мүмкін.
«Жұмыс орындарын құру тұрғысынан ШОБ-тың маңыздылығын ескеріп, Үкімет оның өсімі мен дамуы, соның ішінде цифрлық процестерді енгізу бойынша қолайлы жағдай қалыптастыруға күш салуы керек. Өз бизнес-процестерін цифрландыру үшін ШОБ қаржыландыру мен консультациялық көмекке мұқтаж. Көп нәрсе істеу керек. Мысалы, деректерді жинау. Үкімет ШОБ туралы мейлінше сапалы мәліметтерді жинауы қажет. Бұл деректер қолдау көрсету, инфрақұрылым құру және сектордың несие қабілетін нақты бағалау, әділ шарттармен кәсіпорынды несиелеу үшін пайдаланылады. Әдетте шағын және орта бизнестің қаржылық мүмкіндіктері ірі компаниялардан төмен. Сондықтан нормативті жүктемені төмендету айрықша мәнге ие және Салық кодексі мен банкроттық процесінің жетілдірілуі, сондай-ақ реттеушілік әрекетті бағалаудың енгізілуі де маңызды. Осы шаралардың бәрі ШОБ-ты көлеңкелі экономикадан шығаруға көмектеседі», дейді сарапшы.
Бірақ сарапшылар ШОБ-ты тығырыққа тірейтін заң жобасының қабылданып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағады. «Атамекен» ҰКП мамандарының пікірінше, жеке табыс салығына байланысты Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер бизнеске зиян келтіріп, экономиканың дамуын тежейді. Палата төрағасының орынбасары Тимур Жәркеновтің сөзінше, жақында мәжіліс түзетулерді қабылдады. Оған сәйкес егер жеке тұлғаларға төленетін дивиденд көлемі 30 мың АЕК (91,8 млн теңге) асатын болса, онда ол дивидендке 10 пайыз көлемінде салық салынады. Т.Жәркеновтің ойынша, бұл ереже бизнеске деген жүктемені еселеп арттырады.
«2008 жылы кәсіпкерлер үшін белгілі бір жеңілдіктер енгізілді: заңды тұлға болғаннан кейін үш жылдан соң ешқандай жеке табыс салығын төлемей-ақ дивиденд ала алатын. Бұл жеңілдік бизнесті дамытуға бағытталды. 14 жыл бойы шағын бизнес белсенді дамыды. Енді аталған талапты кәдімгідей өзгертетін түзетулер енгізіліп жатыр. Қазақстанның бүкіл экономикасына әсер ететін стратегиялық маңызы бар тұжырымдамалық норма барынша қысқартылған форматта жедел және қандай да бір нақты есептеусіз, негізсіз, экономикалық талдаусыз болып отыр», дейді Т.Жәркенов.
Ал кәсіпкер Берік Заировтың айтуынша, енгізіліп жатқан түзету қосарланған салық формасын қалыптастырады дейді. «Өз қызметкерлеріме жалақы берген кезде мен 35 пайызға жуық салық, 12 пайыз қосымша құн салығын төлеймін. Түскен кіріс бойынша 20 пайыз көлемінде ұжымдық табыс салығы төленеді. Нәтижесінде, кәсіпкер ретінде мен жыл соңында өз табысымды аламын. Ал енді қазір Үкімет ұсынып, Мәжіліс мақұлдап, бұл ақшаға – менің таза кірісіме тағы қосымша салық салынатын болды. Яғни Мәжілісте жеке тұлға босатылды» деп көрсетілген. Бірақ мені өз компаниямнан «жеке тұлға» деп алыстатудың қажеті қанша?! Компания менікі, мен оған ақша салдым, табыс таптым, демек бұл табыс менікі. Неліктен олар жеке тұлғаны компаниядан бөліп тастайды? Бұл жерде қосарлы салық мәселесі туындап тұр», дейді кәсіпкер.
ІЖӨ-ДЕГІ ҮЛЕСІ АРТАДЫ
Жалпы, қазақстандық шағын және орта бизнес құрылымында көтерме және бөлшек сауданың үлесі өте жоғары. Шамамен 37 пайыздай. Ауыл шаруашылығы саласы 20 пайыз үлесті еншілейді. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік, транспорт және құрылыс бағыттары шамамен 6 пайызды алады. ШОБ бізде әлі де болса дұрыс әртараптандырылмаған және негізінен алыпсатарлық саудаға негізделіп отыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2015-2021 жылдар аралығында ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 7,9 пайызға өсіп, 34,7 пайызды құраған. Өнім шығару көрсеткіші соңғы бес жылда 2 есе ұлғайып, номиналды мәнде 29,7 трлн теңгеге жеткен. Мемлекет 2030 жылға таман ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Үкімет алдағы жылдары кәсіпкерлік бастамаларды қолдап, бизнесті көлеңкеден шығаруға күш салмақ.
Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа тұжырымдамасы аясында мемлекет мынадай шараларды жүзеге асыруды көздейді: кәсіпкерлік белсенділікті қамтамасыз ететін институционалдық орта құру, кәсіпкерлік қызметті реттеуді дамыту және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін қамтамасыз ету.
НЕСИЕ АЛУ МҰҢҒА АЙНАЛДЫ
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2022 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 7,1 пайызға көбейген (2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда). Қазір секторда шамамен 349 мың шағын компания жұмыс істейді. Ендігі ШОБ-тың бас ауруы болып тұрған мәселе – екінші деңгейлі банктерден кредит ала алмай жүргендігі. Ranking мәліметі бойынша, биыл ақпанда шағын бизнестің несие портфелі 3,6 трлн теңге болған.
«Биыл және осыған дейінгі жылдарда ШОБ секторындағы компанияларды несиелеу өсімі айтарлықтай байқалды. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларының үлкен рөл ойнағанын айту керек. Тіпті пандемия жылында да несиелеу көлемі өсім көрсетті. Отандық екінші деңгейлі банктер портфеліндегі шағын бизнеске берілген несие көлемі бүкіл берілген несиенің 19,4 пайызын құрады. Шағын бизнеске ұсынылған несиенің 72 пайызы еліміздің үш ғана қаласына тиесілі: Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент. Өзге өңірлердің үлесі 4 пайызға да жетпейді. Төмен көрсеткіш Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында байқалады», делінеді Ranking зерттеуінде.
Сарапшылардың есептеуінше, ШОБ тарапынан несиеге деген сұраныс өте жоғары. Мәселен, 2018-2019 жылдары екінші деңгейлі банктерге 15,8 мың және 15 мың өтініш келіп түскен. 2020 жылы ШОБ – 112,3, ал 2021 жылы 697,4 мың өтініш жолдаған. Бірақ банктердің мақұлдауы көңіл көншітпейді. Қаржы институттары 2018-2019 жылдары келіп түскен өтінімдердің 57,1 және 66,5 пайызын мақұлдаса, 2020 жылы – 36,6 пайызын, 2021 жылы – 31,7 пайызын мақұлдапты. Сөйтіп, жыл санап төмендей берген. Мамандардың айтуынша, банктердің ШОБ-қа несиені оңайшылықпен мақұлдай қоймауына – шешім қабылдау кезінде тәуекелдерді бағалаудың скорингтік жүйесін пайдалану, сондай-ақ займ алу процедурасының шектен тыс бюрократиялығы себеп болып жатыр. Сонымен бірге банк ШОБ секторындағы кәсіпкерлерден міндетті түрде кепілге мүлік қоюды талап етеді. Бұл да кез келген кәсіпкер еңсере алмас үлкен кедергі.
МҚҰ мүмкіндігін пайдаланған жөн
Шағын бизнесті несиелеуде екінші деңгейлі банктердің орнын микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) баса алады. Ranking мәліметі бойынша, МҚҰ-лардың қарыз портфеліндегі ШОБ несиесінің үлесі соңғы 5 жылда 7 есе артып, 696,5 млрд теңгені құраған. Кәсіпкерлер үшін МҚҰ-дан несие алу әлдеқайда оңай. Тиісінше, оларда шағын және орта бизнесті қаржыландыруға ынталы. Сондай-ақ кепілге мүлік қой деп талап етпейді.
«Қазақстанның микроқаржылық ұйымдар қауымдастығының» директоры Ербол Омарханов МҚҰ-лардың әлдеқайда жедел скорингті пайдаланатынын және бизнеске қаржы бөлуге бейім екенін айтады.
«Қазір Қазақстанда микронесие ұсыну қызметін жүзеге асыруға 244 ұйым лицензия алған. Осының ішінен ТОП-10 қатарына енетін ірі ұйымдар микронесиелеу нарығының 70 пайыз үлесін алып тұр. Олар – шағын және орта бизнесті несиелеу сегментінде жұмыс істейтін дәстүрлі МҚҰ-лар. Біздің көзқарасымыз бойынша, тәуекел деңгейіне қарай МҚҰ-ларды пропорционалды реттеуді қарастыру керек. Тұтынушылық несиелеу сегментінде айтарлықтай қатаң шектеулер болса, кәсіпкерлік займдар саласында керісінше, қадағалаушылық жүктемені біршама әлсірету қажет», деп түсіндіреді Е.Омарханов.
Қауымдастық осы мақсатқа негізделген ұсынысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдап та қойған. Кәсіпкерлермен тікелей жұмыс істейтіндіктен әрі олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін білетіндіктен, МҚҰ-лар мейлінше жедел әрі сапалы скорингке басымдық беруде. Бұл өз кезегінде ШОБ өкілдерінің сенімін оятады және қаржыландыру тапшылығын азайтады.
БИЗНЕСТІ БАҒАЛАУ ИНДЕКСІ ТӨМЕНДЕДІ
Қызмет көрсетуден өзге секторларда индекс төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық банк мәліметтеріне сілтеме жасап.
ҚР Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің Биылғы жылдың шілде айындағы іскерлік белсенділік жөніндегі деректеріне қарағанда, бірқатар салада жаңа тапсырыстардың төмен деңгейі, сондай-ақ шикізат пен материалдарды жеткізу мерзімінің ұзақ болуы белсенділік көрсеткішіне теріс әсер етіп, оның индексі 48,0 (маусымда – 48,9) болды.
Қызмет көрсету секторында индекстің мәні 48,6 болып, іс жүзінде өзгерген жоқ, ал қалған секторларда индекстің төмендегені байқалды: өндірісте – 48,5, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 46,2, құрылыста – 47,0.
2022 жылғы шілдеде кәсіпорындардың қазіргі бизнес-жағдайларын бағалауы (-) 6,3-ке дейін (маусымда – 4,0) нашарлады. Жауаптардың теңгерімі жағымсыз өзгерістерді атап өткен респонденттердің ұлғаюы есебінен теріс болып шықты.
Кәсіпорындардың алдағы 6 айдағы болашақ бизнес-жағдайларын бағалауы да төмендеп, 18,0 (маусымда – 23,9) болды. Сөйтіп, қазіргі және болашақ бизнес-жағдайларды орташа бағалауды білдіретін бизнес ахуалы индексі 5,4-ке (маусымда – 13,6) төмендеді. Осылайша бизнес-циклдің «сағат» индикаторы шілдеде өсу аймағынан көтерілу аймағына өтті.
2022 жылғы шілдеде бизнес-жағдай факторларын бағалау арасында сұраныс жағынан ілгерілеушілік бар. Сұраныс бойынша жауаптар теңгерімі 4,3 (маусымда – 1,8) болды. Секторлар бөлігінде респонденттердің бағалауы бойынша оң жауаптар басым болған өндірісте, құрылыста және қызмет көрсетуде сұраныс қалпына келе бастады.
КӘСІПКЕРЛЕРДІ СЕБЕПСІЗ МАЗАЛАУ
ТЫЙЫЛА БАСТАДЫ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының ғимаратына кәсіпкерлерді шақырту деректеріне онлайн мониторинг енгізудің арқасында бизнес өкілдерін негізсіз мазалау тыйыла бастаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов ведомствоның алқа отырысында осылай деп мәлім етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің ісіне заңсыз килігуден, оның ішінде біздің жауапсыз қызметкерлерден де қорғайтын тетіктер енгізіліп жатыр. Кәсіпкерлерге қатысы бар істерді тергеудің алгоритмі әзірленді. Мұнда сотқа дейінгі тергеу істерінің бірыңғай тізбесін тіркеуден бастап, жауап алу және тінту жүргізу тәртібі түгел қайта регламенттеледі», — деді Олжас Бектенов.
Антикор басшысы кәсіпкерлердің үстінен жемқорлық жөнінде түсетін арыз-шағымдар мұқият сүзгіден өтетінін атады.
«Біз кәсіпкерлердің үстінен іс қозғау туралы бастамалардың 15 пайызынан бас тарттық. Өйткені оған негіз болған жоқ. Кәсіпкерлерді ведомство ғимаратына негізсіз шақыртудың кез келген дерегі онлайн мониторинг арқылы қашықтан бақыланады. Соның арқасында антикор ғимаратына шақырылатын кәсіпкерлердің саны 2 есе азайды. Сонымен қатар, агенттік жанынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның негізгі міндеті – ақпаратты жедел алмасып, өзге мемлекеттік органдардың әрекеті туралы бизнестің шағымдарын бірлесіп қарау», — деді агенттік басшысы.