Қордай ауданы жақын болашақта толықтай табиғи газбен қамтылатын болады. Бұлай деуге қазір толық негіз бар. 2020 жылдан бері қарқынды жүрген жұмыстар бүгінде бәсеңсіген емес. Былтырғы жылдары ауданымыздың «Колхоз» және «Отар» аймағына газ жүргізу жұмыстары басталса, биыл Ноғайбай ауылына қарай бағыт алды.
Ноғайбай ауылдық округін газдандыру мақсатында сметалық құны 830,4 млн теңгеге 2022-2023 жылдарға бюджеттік өтінім берілген болатын. Бүгінгі күнге республикалық және облыстық бюджеттен 2022 жылға 444 млн теңге қарастырылып, жұмыстар басталған. Жамбыл облысының мемлекеттік сатып алу басқармасымен конкурс жүргізіліп, нәтижесінде «Gas Energy Construction» ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Ауылға газ апарамын деген серіктестіктің жұмысымен жақында аудан әкімі Мәден Мұсаев арнайы барып танысып қайтқан болатын. Құрамына Ноғайбайдан бөлек Шарбақты, Сарыбастау ауылдары кіретін іргелі округте келесі жылы тұрғындарды газға қосуға толық мүмкіндік бар. Қазір трубаларын жүргізетін жерлері қазылып, дәнекерлеу жұмыстары жүруде. Аталған нысанда үш экскаватор, бір погрузчик, бір манипулятор, жүк тасымалдайтын көлік және 15 адам жұмылдырылған. Келесі жылға өтпелі болып отырған нысанның жұмысы аудан әкімдігінің қатаң қадағалауында. Барлығы ойдағыдай болатын болса округтегі үш ауыл келесі жылы газға қосылып бастайды.
Ноғайбай ауылдық округіндегі тағы бір жағымды жаңалық — ағымдағы жылдың маусым айында ауыз су құбырларын ауыстыру жұмыстары басталған. Ұңғымалары қазылып, су сақтайтын орындары жасақталуда. Үш жүзден астам түтіні бар ауылды сапалы ауыз суға қосу жұмыстары биылғы желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Мердігер «Сәт сервис» ЖШС Ноғайбай ауылындағы 20 көшенің 18-не трубаларды жүргізіп қойған, 14 құдық орнатылыпты. Көшелерге тартылған басты құбырлардан әрі үйге жеке тартылатын болады.
Биыл жаз айында болған су тасқыны кесірінен ауданымызда таулы аймақта орналасқан екі ауыл зардап шеккен болатын. Соның бірі – Шарбақты ауылы. Ноғайбай ауылдық округіне кіретін шағын елді мекенде су тасқыны кесірінен көлік жүретін және жаяу жүргінші көпірі жарамсыз күйге түскен еді. Сол кезде шұғыл іске кіріскен аудан басшылығы жаңа көпір салу бойынша шешім қабылдаған еді. Жақында бұл жұмыстар аяғына жетті. Алғашында уақытша көпір орнатылып, тұрғындар соны пайдаланып келген болатын.
Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімімен сметалық құжаттамасы әзірленіп, облысқа жөнелтілген болатын. Қаражат облыс әкімдігінің облыс аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған резервінен қарастырылып, көпір жұмысы толығымен аяқталды. Ал, №36 НМ алдындағы жаяу жүргіншілер көпірі «Ақтасты» ШҚ-ң демеуімен жөнге келтіріліп, пайдалануға берілді.
Ноғайбайдағы нақты істер
Prev Post
Next Post