ЕЛОРДАДА ЖАМБЫЛДЫҚТАР ЖӘРМЕҢКЕ ӨТКІЗДІ

0

Нұр-Сұлтан қаласында Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Екі күнге жоспарланған (3-4 қыркүйек күндері) шарада түрлі өнімдер нарықтағы бағадан 10-20 пайызға төмен сатылды.

Жәрмеңке «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаңда ұйымдастырылған. Мұнда барлығы 90 шаруа қожалығы мен кәсіпорын 423,2 млн теңгенің 495,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкелген. Азық-түлік өнімдерінің алуан түрі ұсынылды десек, олардың қатарында 62 тонна жылқы, сиыр және қой еті, 38,8 тонна сүт өнімдері, алты мың жұмыртқа, 10 тонна кондитерлік, 13 тонна макарон өнімдері, 10 тонна балық, алты тонна бал, 5,5 тонна мақсары майы және 336,1 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 10 тонна қант және тағы басқалары бар.
Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев жәрмеңкені аралап, тауарлардың түрлері және бағасымен танысып, сатушылар мен жергілікті тұрғындармен әңгімелесті.
Елордадағы жәрмеңкенің бағасы нарықтық бағадан 10-20 пайызға төмен. Айталық, қой етінің бір келісі 2500 теңгеге, сиыр еті – 2400, жылқы еті – 2600, қазы – 3100, сүттің бір литрі 320, айран – 330, қымыз –1200, картоптың бір келісі 160 теңге, пияз –120, алма – 300, қант – 480 теңгеден өткерілді.
Жәрмеңкеге келушілер де төмен бағалар мен сапалы өнімдер үшін ризашылықтарын жеткізді.
— Таңертеңнен бастап мен осы жәрмеңкеге асықтым. Тауарлардың бағалары көңілімізден шықты, барлығы қол жетімді. Осындай жәрмеңкелердің арқасында бізге сапалы, ең бастысы экологиялық таза өнімдерді сатып алуға мүмкіндік болады. Бір жерден ет, сүт, ірімшік, көкөніс, жұмыртқа да сатып алдық, — дейді елорда тұрғыны Нұргүл Мұстафаева.
«Жәңгір» шаруа қожалығының өкілі Юрий Алиев 10 тонна пияз, бір тонна қырыққабат, бір тонна сәбіз, екі тонна картоп әкелгенін айтады.
— Жәрмеңкеге бірінші рет қатысып отырмыз. Үш сағаттың ішінде қырыққабаттың барлығы дерлік сатылып кетті. Сатып алушылардың қарасы қалың, — дейді ол.
Ал, «Шәушен» шаруа қожалығының өкілі Ғайша Бейсембаева елордада өтетін мұндай жәрмеңкеге бірнеше жылдан бері қатысып келеді.
— Биыл 1,5 тонна ет әкелдік. Өнімдерді тасымалдау үшін тоңазытқыштар қарастырылған, ол барлық азық-түліктің бұзылып кетпеуінен сақтайды. Алдағы уақытта да осындай шара ұйымдастырылып жатса, келуге дайынбыз. Мұнда, тіпті, біздің тұрақты тұтынушыларымызда бар, — деді ол.
Жәрмеңкеде халықтың табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба аясында құрылған жамбылдық шаруа қожалықтары да өнімдерін ұсынды.
Мәселен, жәрмеңкеде «Қанатбаева» ЖК басшысы Гүлбану Қанатбаева кондитерлік өнімдердің бірнеше түрін әкелген. Ол аталған пилоттық жоба аясында Жуалы ауданы Ақтөбе ауылдық округінде кондитерлік цех ашып, жұмысын жолға қойған.
— Мұндай жәрмеңкелер біз үшін өз өнімдерімізді таныстыруға, сатуға тамаша мүмкіндік береді, — дейді ол.
Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов мұндай өңірлік шаралар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.
— Барлық өнімдер санитарлық және ветеринарлық талаптарға сай. Тасымалдау шығындарын және сауда орындарымен қамтамасыз етуді ауыл шаруашылығы басқармасы көтереді. Өнімдерді жеткізуге 10 ауыр жүк көлігі бөлінді, – дейді Е.Жиенқұлов.
Жәрмеңке барысында жергілікті тұрғындар үшін ұйымдастырылған облыстық Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.