ТАЗАЛЫҚ – МӘДЕНИЕТ БЕЛГІСІ

0

Жуырда аудан әкімінің қаулысымен аудан бойынша абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша тазалық айлары жарияланып, сенбіліктер басталған еді. Мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері ауылдар мен жолдардың бойындағы жиналған күл-қоқысты тазалап, ағаштарды бұтап, туған жердің тазалығы үшін барын салып жүргені.

Алғашқы өткізілген сенбілік барысында қыруар жұмыс атқарылған. Қордай ауылы әкімдігінің мәліметінше сенбілікке 260 жуық адам шығып, 30 тоннадай қоқыс жиналды. Сенбілік барысында қатысушылар Жібек жолы көшесінің бойын шекара бекетінен бастап, Алматыға баратын тас жолдағы «Синоойл» май құю станциясына дейін тазалап шықты. Жолдың бойы, арықтар тазаланып, ағаштар әктелді. Қоқыстың құрамында негізінен адамдар тастаған пластикалық пакеттер, шөлмектер мен қабықтар басым. «Сенбілікке шыққан адамдар үлкен жұмысты атқарды. Енді келесі сенбілік барысында жұмыс басқа көшелерге ауысады. Осы орайда қордайлықтардың өздері тұратын жерін тазалықта ұстағысы келмейтіні өкінішті. Пластикалық қалдықтарды адамдар әр-жерге тастай салады. Өз үйлерінде де қоқысты осылай тастап жүре береді ме екен деген сұрақ та ойға келеді. Әрбір көшеге полиция қызметкерін немесе артынан жинап жүретін қоғамдық жұмысшыларды бекіте алмайсың. Оның барлығы қыруар қаражатты талап етеді. Сондықтан ауыл тұрғындарының сана-сезімі оянса барлығымызға да жақсы болар еді. Қоқыс жинауға кеткен қаражатты пайдалы іске асырса болар еді», — деді ауыл әкімі Бақыт Сахатов.
Әрине, бюджеттік мекеме қызметкерлері екіайлық барысында ауылды тазалап беріп жатыр, алайда келесі көктемгі сенбіліктерге дейін қоқыс қайтадан жиналып қалады. Сондықтан әрбір азамат айналасына құрметпен қарап, басқалардың қоқыс тастауына жол бермесе, мұндай сенбіліктердің қажеттілігі де болмас еді. Тазалық – мәдениеттің белгісі. Еуропа елдеріне барған адамдар көшелердегі тазалығына тәнті болып келеді. Алайда оларда көшені жиі тазалап тұрғаннан емес, адамдардың қоқысты тастамауынан осындай дәрежеге жетіп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.