Ноғайбайда тындырымды тірлік көп

0

Өткен сәрсенбіде әдеттегідей қойын дәптерімізді толтырайық деп елді мекендерді аралауға шықтық. Бұл жолы бет алған жеріміз – Ноғайбай ауылы. Жаңа шыққан балғын көкке оранып, дала жұпары аңқыған, өзені сарқырай аққан ауылдың табиғатына тамсана жүріп, бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық.
Ауданымыздағы шаруасын өрге сүйреп отырған елді мекенде қолға алынған ілкімді істер аз емес. Ауыл жұртын алаңдатқан көкейкесті мәселелердің шешіліп жатқанына жергілікті халық та риза.
Мәселен, ауылдық округтегі жағымды жаңалықтардың бірі – округке алдағы уақытта көгілдір отынның келуі. 2022 жылдың шілде айынан Ноғайбай ауылдық округінің құрамындағы үш ауылға (Ноғайбай, Шарбақты, Сарыбастау ауылдарына) табиғи газ құбырын жүргізу жұмысы басталған-ды. Ауылдарға газ құбырларын жүргізу жұмысын мердігер мекеме «Gas Energy Construction» ЖШС қолға алып, қазіргі уақытта жалпы 52 шақырым газ құбырының 44 шақырымы қазылып бітіп, 8 шақырымында қазу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Ырғайты өзенінің арнасы мен аудандық маңызы бар жолдардың астын тесу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта үш ауылда тарату қораптары (ШРП) орналастырылмақ. Ноғайбай ауылдық округін табиғи газбен қамту жұмыстарын толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған.
Ал, ауылдың ішіне келер болсақ, мұнда да құрылыс жұмыстары қыз-қыз қайнаған. Әр көшеге, әр үйге жаңа су құбырлары жүргізіліп, жалпы су жүйесі жаңартылуда. Айта кетсек, бұған дейін болған су мұнарасының тозығы жетіп, құбырлар ескіріп, ауыз судың сапасы да төмендеген. Енді міне, ауылға жаңа магистральді құбыр жүргізіліп, заманауи су мұнарасы бой көтерді. Қазіргі таңда су құбырының 19,5 шақырым магистралі төселген. 145 дана магистральдік құдық, 130 дана сервистік құдықтары орналастырылыпты. Сондай-ақ, 131 метрден артезиандық 2 су ұңғымасы қазылып, 50 текше метрлік мұнара мен 300 текше метрден 2 су қоймасы (резервуар) тұрғызылған. Мұнда электр жүйесі де жүргізіліп, сорғы станциясы және күзет ғимараты соғылған.
Қазіргі таңда құдықтардың ішкі құрылысын жинау және жер астымен тесу құрылғысы арқылы (ГМБ) бір-біріне жалғау жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жұмыстарды сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды мердігер мекеме «Сәт Сервис» ЖШС өз мойнына алған.
«Жол қадірін жүрген білер» демекші, бұдан біраз жыл бұрын тұрғындар ауылға кіре беріс жолдың әбден тозғанын айтып, жүріп-тұрудың қиындығына шағымданатын. Тұрғындардың көптен күткен тілегі қабыл болып, аудандық маңызы бар 11 шақырым жолды жөндеуге 132 млн. теңге бөлініп, бұған дейін оның екі шақырымы ағымды жөндеуден өткен-ді. Енді биыл қалған 9 шақырымы қарқынды жөнделуде. Айта кетейік, жұмыстарды «Ақжол сервис-2030» ЖШС-гі жүргізуде.
Газдандыру жұмыстары қарқын алып, жолдары жасалып, ауыз су мәселесі ретке келтіріліп жатқан ауылда жақсы жаңалықтар легі осымен тоқтамай, алдағы уақытта да халық игілігі үшін атқарылатын істер көп болады деген сенімдеміз.
Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.