Облыста ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бағдарламалардың нақты нәтижесі көріне бастады. Соның айқын дәлелі – сүт өңдеу саласына бет бұрған шағын кәсіпорындардың көбеюі, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Қордай ауданында жүзеге асқан осындай жобалардың бірі «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін көрсетті. 2024 жылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алған кәсіпкер өз ауылында сүт өнімдерін өңдейтін шағын өндіріс ашып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізген.
Алынған қаржыға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, өндіріс процесі жолға қойылған. Сауу аппараты, сепаратор, май шайқағыш секілді техника сүтті жинау мен өңдеуді жеңілдетіп, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берген. Қазіргі таңда шаруашылықта 10 бас сиыр бар, бұл тұрақты шикізат қорын қамтамасыз етеді.