Ойын алаңшасы пайдалануға  берілді

0

Өткен айда Қордай ауылдық округінің құрамына кіретін «Красный партизан» ықшам ауданының тұрғындары аудан әкімінің жеке қабылдауында болып, ауылда балаларға арналған ойын алаңшасы салынса, деген тілектерін жеткізген болатын. Міне, тұрғындардың өтініші ескерусіз қалмай, жаңа апта «партизандықтар» үшін қуанышты жаңалықтан басталды. Ауыл мешітінің жанындағы бос аумаққа балаларға арналған жаңа ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Дүйсенбі күні нысанның салтанатты ашылуы өтіп, оған Қордай ауылдық округі әкімінің м.а. А.Кенжебаев, БАҚ өкілдері және жергілікті халық қатысты. Алаңшаның символикалық қызыл лентасын қиып, қазақы дәстүрмен шашу шашқан ауылдың аға буын өкілдері ақжарма тілектерін айтты.

Айта кетейік, ойын алаңшасының құрылысына жергілікті бюджеттен 2 млн 600 мың теңге қаражат бөлінген. Балақайлардың уақытты көңілді өткізуіне арналған орынның құрылысын «Gama Stroi» ЖШС-гі жүргізді. Жалпы ауданы 12×18 м болатын алаңша заманауи үлгіде, сапалы материалдардан  жасалған. Әткеншек пен айналмаққа отырып, кезек-кезек сырғанақтан түскен бүлдіршіндер дән риза.

— Әр ата-ана үшін баласының қуанышынан асқан бақыт жоқ қой. Кішкентай балақайларымызға шаттық сыйлап, дені сау, сергек жүрулеріне жағдай жасап отырған жергілікті билікке алғыс айтамыз. Енді ең бастысы осы жаңа алаңшаны ұқыпты пайдаланайық,-дейді ауыл тұрғыны Әлия Мейманқұлова.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.