ОЛАРДЫҢ ОТАНЫ – ҚАЗАҚСТАН!

0

Гректердің тағдыры саяси құрғын-сүргін репрессиялар құрбандары болған кәріс, неміс, балқар, қарашай, әзірбайжандар, түріктер, армяндар тағдырына ұқсас. Кейбір деректерде 1944-1950 жылдары аралығында Қазақстанға 60 мыңға жуық грек қоныс аударған деп көрсетілген. Олардың көбісі қазақ жерінде тамырын тереңге жіберіп, тұрақтап қалды.

 …1949 жылдың тамыз айында сол кездегі солақай саясаттың күшімен Павлиди (Зорбиди) Мария Леонтьевна мен оның 14 жасар қызы Надежда басқа мыңдаған гректермен бірге Краснодар өлкесінің Абинская станциясынан жер аударылады. Таң азанмен Ішкі істер халық комиссариаты қызметкерлері есік қағып, жиналуға 15 минут берді. Мария Леонтьевна қолына ілінгенін алып үлгерген. Олар қайда кетіп бара жатқанын білген жоқ. Адамдарды үйден шығарғанда бірде-бір адам қалып қалмауы жіті қадағаланды. Жол бойы жер аударылғандар солдаттардың күзетінде болды. Белгісіз жаққа бағыт алған тауар вагондарында су мен тамақсыз бір айдан астам уақыт өтті. Қоныс аударушылар еденде жатып, сол жерде тамақтанып, сол жерге науқастарды да жатқызды. Тамақ поезд тоқтағанда ғана әзірленетін. Жүкті әйелдер станцияға жетпей жолда босанып жатты. Босанудың сәтті өтуі дәрігерге емес вагондардағы адамдарға байланысты болды. Осылай жолда Мария Леонтьевнаның немересі Вячеслав Сертариди дүниеге келді. Лық толы ыстық вагондарда тамақ пен судың жетіспеушілігінен адамдар ауруға шалдығып, вагондар кәдімгі аурухана палатасына айналды. Жолда қайтыс болып жатқан адамдар үйреншікті нәрсе болып кетті. Қоныс аударғандарға ешкім ешнәрсе түсіндірмеген. Кейін ғана репрессияға 1949 жылғы 7 мамырдағы Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясы орталық комитетінің шешімі себеп болғаны белгілі болды. Шешімге сай саяси сенімсіз элементтер қоныс аударылуға тиіс болатын. Ал, бұл «атауға» Украина мен Ресейдің Қара теңіз жағалауы, Грузия мен Әзірбайжан аумақтарында тұратын гректер ие болды.

-Жалпы гректердің тағдыры оңай емес. 15 ғасырдың ортасында Византия империясын түрік әскерлері жаулап алып, талан-таражға салған. Гректер 19 ғасырдың ортасында ғана жердің бір бөлігін қайтарып алды. Апам қуғын-сүргін туралы айтып беретін, ол кезде гректерді бүкіл отбасымен өлтіріп кетеді екен. Қара теңіз арқылы параходпен көбісі Кубаньға, Краснодар өлкесіне қоныс аударуға мәжбүр болған. Кейін репрессия, Қазақстанға жер аудару басталды, — дейді Мария Павлидидің немересі Людмила. Қоныс аударушылардың көбісі Сібірге, Солтүстік Қазақстанға жіберілді. Қазақстанға бағыт алған эшелондардың вагондары жол-жөнекей әртүрлі станцияларда тіркеуден босатылып жатты. Біреулері Оңтүстік Қазақстан облысында қалып жатса, басқалары Жамбыл облысына дейін жетті.

Павлиди отбасының жартысы Шарбақты ауылына келіп түсті. Жергілікті тұрғындар оларды жылы қарсы алып, пана беріп, нандарымен бөліскен.

 –Гректер қазақ жеріне соғыстан кейінгі қиын кезде келді. Қордай жерінде біздің аталарымызды туыстарындай қабылдап, жеп отырған бір үзім нандарымен бөліскен, — деп әңгімесін жалғастырды Людмила Ивановна.

Шарбақтыда бірнеше жыл тұрып, Мария Леотьевна қызы Надеждамен бірге Красногор ауылына көшіп барып, сол жерде 1963 жылға дейін тұрды. Сол ауылда 1955 жылы немересі Людмила дүниеге келді.

Ол кезде қоныс аударғандарға арнайы қоныс аударушылар статусы беріліп, олар комендатурада есепте тұратын. Ай сайын Ішкі істер халық комиссариаты органдарына барып, белгіленіп, тұрғылықты жері аумағынан кетуге құқығы жоқ болатын. Сталин қайтыс болғаннан кейін 1953 жылдың шілде айында КСРО министрлер кеңесінің төрағасы Г.Маленковтың атына КСРО ішкі істер министрлігінен 2 819 776 арнайы қоныс аударушылардың ішінен 1 643 741 адамды есептен алу жөнінде ұсыныс түскен. Ұсыныс 1954 жылы қабылданғанымен арнайы қоныс аударушылар статусын алу туралы алғашқы жарлықтарға 1956 жылы қол қойыла бастады. Осылайша 1956 жылдың 27 наурызында гректер аталмыш статусынан құтылып, оларға паспорт пен КСРО азаматтығы берілді, бірқатар гректер ғана Грекия азаматы болып қалды. Гректер толығымен тек 1992 жылы ақталып шықты.

-Апамның өмірі оңай болған жоқ. Жер аударғанға дейін оның жолдасы Григорийдің отбасын — әкесі мен 6 бауырын сенімсіз элемент ретінде 1937 жылы ату жазасына кескен. Ішкі істер халық комиссариаты Павлиди отбасындағы барлық ер азаматтарды бір түнде алып кеткен. Олардің біреуі күзетші болса, басқасы құрылысшы, жұмысшы болған. Апам атамның ату жазасына кесілгенін білмей, оны өмір бойы күтті. Ата-бабамыздың жерленген жерін де білмейтініміз өкінішті. Бұл туралы мұрағаттық анықтамаларда да жазу жоқ.

Ұлы Отан соғысы кезінде апасы құс шаруашылығында жұмыс істеп, қызын жалғыз өзі өсірді. Жер аудару кезінде отбасылар бөлінген болатын. Кейін оның әкесі Леонтий Зорбиди немерелерін Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысында іздеп, Оңтүстік Қазақстан облысынан тауып алады.

-Ал, Красноярск өлкесіне жер аударылған гректер қиын жағдайға тап болған. Суыққа тоңып, жейтін тамақ таппай орман жидектерімен тамақтанған, — дейді Людмила Павлиди.

— Қиын-қыстау кезде гректерді жылы қабылдап, нандарымен бөлісіп, пана берген қазақ еліне алғысымыз шексіз. Қазақстандық қоныс аударушылар өз ұлтының тарихын қадірлеп-қастерлейді. Гректердің көбісі осы жерде отау құрып, қазақтарға тұрмысқа шыққан. Анамның бөлесі Христя Прасода өмір бойын Сұлутөр ауылында тұрды.

1 наурыз –Алғыс айту күні.  Бұл кейінгі ұрпақ қазақ халқы бауырмалдық пен мейірімділік білдіріп,  көптеген ұлттарға қол ұшын созған кезді есіне алатын күн деп білеміз.

Рахмет саған, қазақ елі.

Ләйлім Досембековам

Leave A Reply

Your email address will not be published.