АУДАН ӘКІМІ Р.ДӘУЛЕТТІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Бұл күн — зорлық-зомбылық пен қуғын-сүргiн салдарынан Қазақстанға қоныс аударылған түрлі этностардың байтақ қазақ жері мен дархан қазақ халқына терең тағзымының белгісі. Сондай-ақ, еліміздегі барлық азаматтардың бiр-бiрiне деген сыйластығы мен ынтымағының, ортақ тарихымызды құрметтеу, өзара көмек пен қолдау күнi. Әр адам жақсылығы үшін алғыс алып, өзіне көрсетілген көмек, демеу үшін рахмет-ризашылығын білдіретін күн. Дәл осы күні 1995 жылы қазақ халқының санасына бірлік пен тұрақтылық, татулық пен отансүйгіштікті сіңіруді мақсат еткен ұйым — Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Бүгінде Ассамблеяның құрылған күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке ұлтаралық татулығымызды нығайтып, бірлік-берекемізді арттырып, ынтымағымызды еселей түсетін айтулы күндердің біріне айналды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің басты байлығы мен басты жетістігі Қазақстанды мекендейтін халық пен этностардың достығы және бірлігі деп әрдайым айтып жүреді. Өйткені кез келген елдің қуаты – халқының бірлігінде.

Біздің өңірімізді мекен еткен 30-дан астам ұлт өкілдері ауданның әр саласында еңбек етіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосуда.

Оның жарқын көрінісін ауданымыздың жыл өткен сайын дамуға бет алып, халықтың әл-ауқатының артқандығынан байқауға болады. Өздеріңізге белгілі өткен жылы аудан тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен жобалар қолға алынды. 22 елді мекенге газ құбыры тартылып, 5 көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Сондай-ақ, үш жаңа мектептің құрылысы қолға алынып, апатты жағдайдағы білім ошақтарының мәселесі шешілді. Мұнымен қатар, 6 ауылға ауыз су жүйесі жүргізілді. 7 инженерлік инфрақұрылым, 4 спорттық-сауықтыру кешені салынды. Ауданда жаңадан 7,4 шақырым жол салынып, 343 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. 9 ауылдың көшелері жүз пайыз асфальтталды. Бұл атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана. Ауданымыздың әрбір жеткен жетістігі Сіз бен біздің берекелі бірлігімізде, ағайын!

Құрметті жерлестер!

Бүгінгі күні егемен еліміздің бірлігі мен берекесін нығайтып отырған игілікті істеріңіз үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!

Бірлігіміз бекем, ұлтаралық татаулығымыз берік болсын!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.