Гвардейск гарнизонына қарасты 21450 әскери бөлімінде күзгі шақырылымның 300-ге жуық жас сарбаздары Отанға адал болуға ант берді.
Салтанатты іс-шара ата-аналары, туыстары мен достарының қатысуымен өтті. Жас сарбаздар келген әскери бөлім командирі полковник Нұрлан Айтчанов жас сарбаздарды бүгінгі маңызды іс-шарамен құттықтай отыра, қабылдаған анттарына адал болуларын айтып, сәттілік тіледі. Қордай ауданы Ауған соғысы ардагерлері атынан төраға Қырғызбаев Даулет құттықтау сөзін жеткізді.
Рәсімде барлаушылар қоян-қолтық ұрысын және заңсыз қаруланған құрамалардың шабуылына төтеп беру тәсілдерін көрсетті. Көрермен қонақтарға әндер шырқалды.
Әскери ант қабылдау алдында сарбаздармен жас буындар жиыны өтті, онда бір ай бойы жалпы әскери жарғыларды оқыды, саптық, жауынгерлік, атыс және дене шынықтыру даярлығымен айналысты. Ант қабылдағаннан кейін әр сарбаз жауынгерлік даярлық сабақтардан өз мамандықтары бойынша білім алады.
Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі