АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЦИФРЛАНДЫРУ: МЕЖЕ МЕН МҮМКІНДІК

0

Осыдан он шақты жыл бұрын ауыл шаруашылығын цифрландыру туралы әңгімелер қиял-ғажайып ертегідей естілетін. Мұндай бастамаға сенімсіздік танытқандар да көп болды. «Басқа-басқа, дәстүрлі сала саналатын дәл осы ауыл шаруашылығына цифрландырудың әмірі жүре қоймас» деп қырын қарағандар да табылды. Алайда қазіргі жағдай көз алдымызға басқа көріністі әкеліп отыр. Ауыл шаруашылығы қарқынды түрде цифрландырылып жатқан салаға айналды.

Қазіргі кезде мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, қолдау, оның тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға байланысты бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ретте цифрландыру бағытындағы жобалардың маңызы зор. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде қолға алынған шаралардың бірі – «Агроөнеркәсіптік кешенде қадағалау жүйесін әзірлеу және енгізу» жобасы. Оны 2025 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жобаға республикалық бюджеттен 930 млн теңге қарастырылған.
«Нарықты «ағартуға», өндірілетін өнімнің сапасын арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қадағалануын автоматтандыруға бағытталған іс-шаралар процеске тартылған уәкілетті ұйымдардың барлығын қосады және сандық-сапалық есепке алуды қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіптік өнімнің өндірілуі мен шығарылуының бүкіл өмірлік циклін қадағалауға мүмкіндік береді. Қадағалау жүйесін іске асыру салаға инвестициялар тартуға және экспорттық өнім желісін де, ауыл шаруашылығы өнімдері мен терең өңделген өнімдер түрлерін жеткізу географиясын да кеңейтуге тікелей әсер етеді. Қадағалау жүйесі кезінде толық мониторингті енгізу ауыл шаруашылығы өнімінің сапа стандарттарын арттыруға жол ашады. Бұл қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтардағы тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігіне мультипликативті әсер етеді. Осыған байланысты автоматтандырылған жүйені құруға арналған техникалық тапсырманың жобасы әзірленді. Жоба мүдделі тараптармен келісу сатысында», деп жауап берді министрлік біздің жолдаған журналистік сауалымызға.
Министрліктің хабарлауынша, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына сәйкес, ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша бірқатар іс-шара көзделген. Бұл ретте, ұлттық жобаның іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Фермерлердің ауыл шаруашылығы алқаптары мен өнеркәсіптік объектілерде цифрлық жабдықтар мен жаңа технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын және байланыс қызметтерін сатып алуы кезінде байланыс қызметтерін субсидиялау» тетіктері көзделіп отыр. Жобаны іске асыру мерзімі – 2025 жыл. Қаржының қажеттілігі жоқ. Бұған сәйкес, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын олардың аумақтарын байланыс қызметтерімен немесе жабдықтың өзімен қамтамасыз етуге жұмсалған қаражаттың бір бөлігін өтеу жолымен мемлекеттік қолдау көзделген.
«Ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Ақтасты ауылында биыл қанатқақты жобаны жүзеге асырды. Оған отандық байланыс операторлары тартылды. Қанатқақты жобаның қорытындысы бойынша адам факторын барынша азайта отырып, цифрлық шешімдер технологияларын мақсатты пайдалану арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға қол жеткізуге болатыны белгілі болды. Бүгінде министрлік ауыл шаруашылығы алқаптарында байланыс қызметтерін субсидиялау қағидаларын әзірлеп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», деп нақтылады ведомство.
Сондай-ақ биылғы 1 шілдеден бастап «Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде» агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйесі әзірленіп, іске қосылды. Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі бюрократиялық олқылықтар мен сыбайлас жемқорлық схемаларын болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы жүйенің барлық пайдаланушысына тегін қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Фермерлерге субсидиялау қызметтері қосымша ақы алынбай, тегін көрсетілетін болады. Бұдан басқа, көрсетілетін қызметті алушылардан (фермерлерден) субсидиялар алудың орындылығын растау үшін қоса беретін қосымша анықтамаларды талап ету қажеттілігі болмайды. Өйткені талап етілетін ақпарат интеграциялар арқылы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады. Бұл шаралар әлеуметтік шиеленісті айтарлықтай төмендетеді. Себебі фермерлер жыл сайынғы абоненттік төлемді төлемейді әрі қосымша құжаттарды ұсынбайды.
Сонымен қатар министрлік «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» деректер базасының e-ISZH Mobile мобильді қосымшасын әзірлеу жұмыстарын аяқтады. «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінің функционалына сәйкес, мобильді қосымшаны әзірлеу онлайн/офлайн форматта (кэшке сақтай отырып) жануарларды тіркеуді және ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар бойынша тізімдеме және басқа да іс-шаралар жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты мо­бильді қосымшаны іске қосу жөніндегі қанатқақты жоба осы жылдың 25 қазанында Батыс Қазақстан облысынан бастау алды. Жоба қараша айының 25-іне дейін жүргізіледі. Мобильді қосымшаны қолдану ветеринарлық дәрігердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, уақытын үнемдеуге, әртүрлі адами фактордың себебінен туындайтын қателіктердің алдын алуға көмектеседі деп күтілуде.
«Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 25 маусымдағы бұйрығымен «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» базасында Агроөнеркәсіптік кешенде технологиялық құзыреттер орталығы құрылды және орталық AgriTech агротехнологиялық платформасының операторы болып айқындалды. Сонымен қатар оның еншілес компаниясы «Агроөнеркәсіптік кешендегі экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС базасында агроөнеркәсіптік кешеннің технологиялық құзыреттіліктерінің салалық орталығы – Agritech құрылды. Оған үш модуль кіреді: e-Seeds, e-Plem, e-Еxtension. Ол министрлік жанындағы Е-agriculture агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесімен интеграцияланады. Осы жылы көптеген В2В қосымшасы (агробизнеске арналған жеке компаниялардың қосымшалары), оның ішінде маркетплейстер үшін қолжетімділік беретін жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік дерекқорымен интеграциялау жоспарлануда», деп хабарлады министрлік.
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.