ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ

0

Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстардың орын алғанына отыз жылға жуық уақыт болып қалды. Жат жерге барып, жалын кешкен қазақстандық азаматтар жетерлік. 1992 және 2001 жылдар аралығында қарулы қақтығыс алаңында 10 мыңға жуық қазақстандық әскери борышын өтепті, солардың ішінде жерлесіміз, Алға ауылының тумасы Қанат Қожабеков та болған.

1973 жылы Қордай ауданы, Алға ауылында дүниеге келген Қанат Жылқыбекұлы 1991 жылы желтоқсан айында әскер қатарына шақырылады. Литва мемлекетіндегі Гайжунай қалашығында орналасқан 226-шы десанттық полкта Отан алдындағы борышын өтеп, 1992 жылдың мамыр айында Қапшағай қаласындағы 35 жеке гвардиялық әуе шабуылдаушы бригадасында еңбек жолын бастайды. Десантшы көп ұзамай Қазақстан Республикасының Президентінің бұйрығымен Тәжік-Ауған шекарасын қорғау жөніндегі миссияны орындауға алғашқы жіберілген әскери қызметшілердің бірі болып соғыс аймағына аттанады. Тәжік-Ауған шекарасындағы «Пяндж» шекара отрядының 3-ші заставасында содырлардың шекараны бұзып өтпеуіне атсалысқан қазақстандық жауынгерлердің алғышқыларының бірі болған Қанат Қожабеков елге аман оралған ардақты азаматтардың бірі.

Қазіргі таңда, кеудесінде намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін өнегелі ұрпақ етіп өсіргіміз келеді деп, бар назарын келешек ұрпақ тәрбиесіне аударып отырған «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының мүшесі. Үнемі  патриоттық жұмыстарға белсене араласып жүргені. «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қоры ұйымының Жарғысына сәйкес жалпы жиналыс мүшелерінің ұсынысы бойынша Қанат Қожабеков қамқоршылық кеңестің құрамына енген.

Ардагердің пікірінше патриоттық тәрбиенің мазмұны Отанын сүю және азаматтығын мақтан тұту, халқының салт-дәсүрін, ерекшеліктерін білу, дінге, тарихи мұраларға құрметпен қарау, ұлтжандылыққа, елдегі барлық халықтарды достық қатынасқа тәрбиелеу аса маңызды.

— Мектеп оқушылары арасында жүргізілетін жұмыстарымызда, сабақтарда оларды қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеуге ерекше мән беруіміз керек, — дейді Қ.Қожабеков.

Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қатығыстарға қатысқан әскери қызметшілер ұмыт қалмауы керек. Бүгінгі таңда сол бір соғыс куәгерлері әрдайым бірігіп, қаруластарымызды еске алып, қоғамдық жұмыстарды күшейту бойынша бірқатар жоспарлар құрып отырмыз, дейді кейіпкеріміз.

Айта кетейік, 2020 жылғы 6 мамырда қабылданған «Ардагерлер туралы» Заңға және Тәжікстан-Ауғанстан шекарасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес, міндеттерін мүлтіксіз орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері барлық жеңілдіктері сақтала отырып, ардагерлер санатына енгізілген болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.