ЗАПАСТАҒЫ ПОЛКОВНИК

0

Өмірін елге қызмет етуге арнаған жандар баршылық. Солардың ішінде саналы ғұмырын қоғамдағы тәртіпті қадағалап, сол қызметте үлкен белестерді бағындырған, бүгінгі таңда үлгілі әке, абзал жар, елге сыйлы азамат болып жүрген Шынқожа Қуатбек Төребекұлы турасында бірер сөз етсек.

Қуатбек Шынқожа есімін қордайлықтар құқық қорғау органдары жұмысымен қатар атайды. Оның себебі де жоқ емес. Аудандағы құқықтық тәртіпті қадағалаушы ретінде ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен ол бүгінде асқаралы 60 жасқа толған, ұл өсіріп, қыз тәрбиелеген, дос-жаран мен ағайын-туысқа қадірлі жан. 1961 жылы қазіргі Әлжан ана ауылында дүниеге келген Қуатбек Төребекұлы ауыл мектебін аяқтаған соң Талапты созхозында жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. 1981 жылы әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Свердлов облысында Отан алдындағы борышын абыроймен өтейді. 1982 жылы Алматыдағы ІІМ арнайы мектебіне курсант болып қабылданады. 1984 жылы атылмыш оқу орнын аяқтап, милиция лейтенаты атағын алып шығады. Қордай аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор болып жұмысқа қабылданған Қуатбек Шынқожа өз жұмысына адалдығы мен кәсібилігінің арқасында басшылық көзіне түсіп, көп ұзамай есірткі саудасына қарсы арнайы жедел уәкіл, жергілікті инспекторларды басқару жөніндегі аға инспектор, қоғамдық тәртіпті қадағалау бөлімінің бастығы,  ерекше маңызды істер бойынша тергеуші, анықтама бөлімінің басшысы қызметтерін атқара жүріп көптеген күрделі істерді ашу, тәртіп пен заң талаптарының орындалуын бақылауда үлкен жетістіктерге жетеді.

1997 жылы ҚР ІІМ Алматы қаласындағы тергеу мектебін «Заңтану» мамандығы бойынша аяқтайды. Заң қызметкерінің шынайы бейнесі мен оған тән мінез-құлықты бойына жинай білген ол азаматтық пен адамгершілік атты қасиеттерді де мықты ұстанған. Бертін келе аудандық ішкі істер бөлімі басшысының кадр мен қызмет жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарса, одан кейін аудандық ІІБ басшысы болып тағайындалып, жалпы ауданның құқық қорғау саласына жауап берді. 2015 жылы запастағы полковник шенімен зейнетке шығады.

Еткен еңбегіне сай салиқалы марапаттары да жетерлік. Соның біразына тоқтала кетсек. Мәселен, Қуатбек Төребекұлы «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ, ІІ Дәрежелі медальдармен, 2005 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен шыққан «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 10 жыл» мерекелік медалімен, 2011 жылы «ҚР Ішкі істер органдары ардагері» медалімен, Ішкі істер органдарындағы «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Полковник атағын уақытынан бұрын алған мемлекеттік қызметкер.

Зейнетке шыққанымен Қуатбек Төребекұлы қарап жатқан жоқ. Қазіргі таңда аудандық Мәдениет үйінде заңгер болып қызмет атқарып, сонымен қатар «Сервис плюс» жеке кәсіпкерлігін ашып, өзінің зор тәжірибесімен бөлісуде.

Қазіргі таңда ауданымызға есімі белгілі ұстаз Ғалия Шариповамен Қуаныш, Аяулым, Малика және Мариям есімді неремерелерінің қызығына кенеліп жүргені. Мереке мен мерейтойыңыз құтты болсын, құрметті полковник.

Leave A Reply

Your email address will not be published.