ОТАР АЙМАҒЫНА ЖОСПАР КӨП

0

Стратегиялық және әскери жағынан аса маңызды Отар аймағының ерекшелігі жайында айтпаса да белгілі. Шойын жолдан өте салып әскери қалашығы бар аймақта орын тепкен биологиялық қаіпсіздік проблемаларын зерттеу институты бүгінде қайта жаңғырып, әлемде коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған санаулы институттар қатарынан орын алып отыр.

Күні кеше зауыты іске қосылып, қызметкерлеріне су жаңа үйлерден пәтер кілттері салтанатты түрде табыс етілген болатын. Осымен іс біттіге жорудың қажеті жоқ. Енді мақсат сол институт орын тепкен әскери қалашық аймағы ажарын ашу, әлеуетін көтеру жоспарланып отыр. Өткен сенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың Отар ауылдық округіне жұмыс сапары барысында осы мақсатта жоспарлар талқыға түсті.
Аудан басшысы алдымен Отарда бой көтерген 90 орындық мәдениет үйінде болды. Жақын күндері қолданысқа берілгелі отырған мәдениет ошағының қазіргі жай-күйімен танысқан аудан әкімі мамандармен сөйлесіп, бірқатар ұсыныстар айтты. Зәулім ғимаратта түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттағы орталықтар жұмыс жасайтын болады. Бұл құрамына төрт елді мекен кіретін, бес мыңнан астам тұрғыны бар округ үшін тамаша сый болғалы тұр. Осыдан кейін Мәден Тоқтарбайұлы Гвардейский қалашығына барып, офицерлер үйінде 40-шы «Отар» әскери базасы басшылығымен, биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми зерттеу институтының өкілдерімен кездесіп, қалашықтың болашақта даму жоспары турасында арнайы кеңес өткізді. Гарнизон бастығы Талғат Оразалиев бастаған әскерилер өз ұсыныстарын айтып, жиынға қатысқандар бұл жоспарларды алдағы уақытта тағы бір рет пысықтап алуға келісті. Жиыннан соң аудан басшысы болашақ нысандар бой көтеретін орындарды аралап, қалашықты жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандығын барып көрді. Мәселен, жақын болашақта Гвардейскийде әмбебап сауда орыны, орталық монша, қосымша білім беру орталығы мен институт жанынан жас ғалымдарды тәжірибеден өткізетін арнайы орталық ашу жоспарланып отыр. Қалашықтың қазандығын газға ауыстыру мәселесі де келер жылдары шешімін таппақ. Аудан басшысы әлеуметтік және сауда нысандарын салар кезде әрқайсының ерекшелігіне, орналасқан орнына аса мән беру керектігін ескертті. Барлығы ойдағыдай болса, Отар аймағында тың серпілістер орын алатыны сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.