Қордай ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай төрағалық етті. Отырысқа комиссия мүшелері, аудандық бөлім, мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері (ZOOM платформасы арқылы) қатысты.
Күн тәртібінде өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды анықтау, «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру, әйелдер кеңесінің қызметі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізова баяндама жасап, «Бақытты отбасы» жобасы аз қамтылған және проблемалық отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, әлеуметтік нормаларға бейімдеуге бағытталғанын атап өтті. 2025 жылғы 29 қаңтардағы қаулыға сәйкес аудан және ауылдық округтерде отбасылармен мақсатты жұмыс жүргізу үшін мобильді топтар құрылды. 2025 жылы профилактикалық есепте тұратын 41 отбасы зерттерлді, әлеуметтік карталар жасалды, төрт отбасына жалпы сомасы 3,3 миллион теңге атаулы көмек тағайындалды, екі азамат тұрақты жұмыспен қамтылды, төртеуі қоғамдық жұмысқа, 20 отбасына жалпы сомасы 1,4 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді.
«Қауіпсіз Қордай» жобасы аясында пробация есебінде тұрған 87 азаматтың отбасына зерделеу жасалып, қажетті қолдау шаралары көрсетілді. Сондай-ақ, аудан басшылығының нұсқауымен ауылдық әкімдіктер тарапынан зорлық-зомбылық белгілері бар, алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланған, ата-аналық міндеттеріне сәйкес емес 64 қауіпті отбасы анықталып, оларға әлеуметтік есепке алу жұмыстары жүргізіліп, тұрақты мониторинг жүргізілді. Жыл қорытындысы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 383 азаматқа жалпы сомасы 76,9 млн теңгенің біржолғы және қайталанатын көмектері көрсетілді. Ауданда «AMANAT» партиясының жол картасы аясында құрылған «Аяла» отбасын қолдау орталығы ашылды. Орталық ашылғалы бері тоғыз шара өткізіп, 82 отбасына көмек көрсетті. Мобильді топтарға «FSM Social» жаңа цифрлық жүйесі қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді, ол отбасылық қауіп-қатер туралы ескертулерге жылдам жауап беруге, сұрауларды тіркеуге және мамандардың күш-жігерін үйлестіруге мүмкіндік береді. Отырыста Отар, Сұлутор, Қарасу ауылдық округтерінің әйелдер кеңестері атқаратын жұмыстарының бағыттары мен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен әйелдерге қолдау көрсету шаралары туралы баяндамалар жасады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі де талқыланып, аудандық полиция қызметкерлері 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында түскен арыз-шағымдар бойынша мәліметтерді және олардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет ұсынды.
Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ауданда ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, мұқтаж жандарға дер кезінде көмек көрсетуді, халыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыруды және отбасының әлеуметтік карталарын үнемі жаңартып, комиссияға есеп беруді тапсырды.
Шолпан САБАНОВА