Қордай аудандық мәслихатындағы AMANAT партиясы депутаттарының фракция отырысы ұйымдастырылып, күн тәртібінде өзекті үш мәселе қаралды. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды бағыттар талқыланып, нақты шешімдер қабылданды.
Алғашқы мәселе аясында партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысы сараланды. Сонымен қатар, тұрғындардан түскен талап-тілектердің орындалуы және мәслихат депутаттарының халық алдындағы есептік кездесулер өткізуі туралы Бейқұт Жамангозов есеп берді. Баяндамашы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындады.
Екінші мәселе бойынша «Жер аманаты» жобасы шеңберіндегі жұмыстар қарастырылды. Атап айтқанда, пайдаланылмай жатқан және заңсыз жекеменшікке берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы шаралар талқыланды. Бұл жөнінде Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысының орынбасары Е.Нурмаханбетов баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті.
Үшінші мәселе аудан аумағындағы су қоймаларының жай-күйіне арналды. Су ресурстарын тиімді пайдалану және инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Қаз СуШар» РМК Жамбыл облысы филиалына қарасты Қордай өндірістік бөлімшесінің басшысы М.Ершибулов есеп берді.
Отырыс қорытындысы бойынша қаралған барлық мәселелерге қатысты фракция мүшелері тиісті шешімдер қабылдап, алдағы жұмыстардың басым бағыттарын белгіледі. Жиын ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдарды айқындаумен ерекшеленді.