ПАРТИЯ ЖҰМЫСЫНА СЕРПІН БЕРДІ

0

Өткен аптада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары Елорда төрінде тұңғыш рет республикалық форумда бас қосты. 2,5 мыңнан астам халық қалаулылары жиналған ауқымды жиында жалпы міндеттер мен алдағы жұмыс бағыттары талқыланды. Форумда ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең екендігін, жергілікті әкімдіктермен қатар біз де өңірлердегі өмір сапасына жауапты екендігімізді жеткізіп, қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді бірігіп шешу қажеттігіне баса тоқталды.

Сондай-ақ, жиын барысында спикерлер ретінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, бірқатар мәслихат депутаттары сөз сөйледі.

Тағы бір айта кететіні, форум аясында мәслихат депутаттары бейінді министрлерге өз өңірлеріндегі ең өзекті әрі өткір мәселелерді тікелей жеткізе алды. Осы ретте мен ауданымызда бірнеше  жылдан бері шешімін таппай келе жатқан «Қордай» шекаралық бақылау-өткізу пунктіндегі азаматтардың ұзын-сонар кезегі пен көлік кептелісі мәселесін көтеріп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдап, мәселені тиімді шешуге өз ұсынысымды жеткіздім.  Бұл да «Аманат» партиясының жаңару жолы, мәслихат  мәртебесінің нығайғандығын көрсетеді. «Аманат» партиясының республика деңгейінде осындай ауқымды форум өткізгені өте орынды болды деп есептеймін. Бұл фракция жұмысын жүйелі жүргізуге, халық аманатын орындауға жаңа серпін береді.

 

Әлібек Омар, Қордай аудандық мәслихатының депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.