ҚОРДАЙ ХАЛҚЫ ТАСАТТЫҚ БЕРДІ

0

Тасаттық – көпшілік жиылып атқаратын діни рәсім. Онда көпшілік қауым болып жиналып, құрбандық шалып, Құран оқылып, жаңбыр жаууын тілеп ниет қылады.

Биылғы қуаңшылықтан жүдеу болған қордайлық шаруалардың жағдайын аудан басшылығы басты назарда ұстап, мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуге тырысуда. Сонымен қатар, шаруа адамдарының көңіліне медет болсын,  төккен тері текке кетпей, мол өнім алсын деген ниетпен тасаттық беруді ұсынды. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан көне дәстүрді өткізу туралы ұсынысты барлық ауылдық округтердегі зиялы қауым өкілдері қолдай кетті. Сонымен, сенбі күні аудандағы бірнеше ауылдық округте мал сойылып, Құран бағышталды. Мәселен, Қордай ауылындағы Ноғайбай би атындағы атшабарда, Еңбек ауылына кіре беріс алқапта, Қарасуда өзен жағасында, Аралдағы мешіттің аумағында, Бетқайнарда канал жағасында, Сарыбұлақта канал бойында және Қайнарда Шу өзені жағасында, Жамбыл ауылындағы «Әл-Хафиз» мешітінде ел жиналып, қақпатастықтар Алтынбұлақ каналының бойында, беріктастықтар егістік басында, Алға ауылының тұрғындары елді мекенге кіре берісте, Сортөбеде Шу өзені жағалауында және Масанчидағы Қарақоңыз су қоймасының бойында халық бас қосты. Бұл күні мал сойылып, мұқтаж азаматтарға таратылып, діни рәсімге ауданның жүздеген тұрғыны қатысып, дұға тіледі. Көптің тілеуі қабыл болып, қамбамыз мол астыққа толсын, диқандардың ырыс-берекесі арта берсін!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.