ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНА СӘЙКЕС

0

Елімізде жайылымның жетіспеуі  ауыл шаруашылығы саласында күрделі мәселе болып келген. Осыған байланысты Мемлекет басшысы пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Соған байланысты ауданда қарқынды жұмыс іске асуда.

 

Ол үшін ауыл шаруашылығы және құзырлы органдар бірлескен жұмыс тобы зерделеу жүргізіп, нәтижесінде бірқатар елді мекендердегі жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмыстар әлі де аудан үшін күн тәртібінен түскен емес.

Күні кеше құрамында ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаттары Талғат Сәрсембаев, Айман Ашимовалар бар жұмысшы топ қайтарылған жерлерге және өзге де атқарылып жатқан жұмыстарға зерделеу жүргізген болатын.  Жұмысшы топ алдымен Кенен ауылында болды. Округте 4 мың гектарға жуық алқап кері қайтарылыпты. Әлі де болса ол бағытта жұмыстар жалғасуда екен. Зерделеу жұмысы барысында Кененде «Ауыл аманаты» жобасының  ІІ-ші және IV-ші бағыттары бойынша несие алып, кәсібін дөңгелетіп жүрген жандардың да жұмысы сараланды. Солардың бірі, ауыл тұрғыны Самал Рыскелді. Көпбалалы ана белді бекем буып, кәсіпкерлікке ден қойған. Сол үшін мемлекет көмегіне жүгінген. Нәтижесінде өз жобасын сәтті қорғап, 1 225 200 көлемінде грант ұтып алып, ол қаржыға кондитер өндірісіне арналған құрал-жабдық сатып алған. Қазіргі кезде жас кәсіпкер кондитерлік тағамдар, торт, тәттілер және тағы да басқа өнімдер дайындап, саудаға шығаруда. Оған тапсырыс та жаман емес. Тұрақты клиенттері де бар көрінеді. Ең бастысы Самалдың өнімдері жерлестерінің көңілінен шыққан. Қазір цехты кеңейтуді қолға алыпты.

Зерделеу барысында «Кенен – Береке» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жұмысымен де танысты. Кездесу барысына кооператив өкілдері бірқатар көкейкесті мәселелерді көтерді. Олардың ішінде жайылым жайы да айтылды. Көтерген сұрақтарды жұмысшы топ мүшелері назарға алатын болды.

Осыдан соң Алға ауылдық округіне барып, онда мемлекет меншігіне қайтқан алқаптарды көріп, жауапты мамандармен жолықты. Ал, келесі күні құрамына халық қалаулылары кірген жұмысшы топ Қарасу ауылдық округінде болып, жер мәселесі, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша зерделеу жұмыстарын жалғастырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.