182 ЖАС МАУСЫМДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

0

Елімізде жастар саясатын тиімді жүзеге асыруға баса мән берілетіні белгілі. Бұл бағытта қолға алынған  игі жобалар мен бастамалар бүгінде өз жемісін беріп те жатыр. Солардың бірі осыдан 18 жыл бұрын жалынды жастардың көмегімен құрылған «Жасыл ел» бағдарламасы. Осы уақыт аралығында жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан жобаның негізгі мақсаты – жастарды маусымдық жұмыспен қамту, солардың күшімен елімізді көгалдандыру, жастар арасында экологиялық мәдениетті арттыру және бос уақыттарын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу. Жастардың күш-қуатын бір арнаға тоғыстырған кешенді бағдарлама біздің ауданда да сәтті жүзеге асып келеді. «Жасыл ел» еңбек жасағы жастардың сүйікті жобасына айналып үлгерді.

 

Мұнда еңбек ететін жастардың саны жыл сайын артуда. Биыл «Жасыл елдіктердің» құрамында қанша жас жұмыс істеуде, жаңа маусым басталғалы бері қандай жұмыстар атқарылды сынды сұрақтарға жауап алу мақсатымен Қордай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Расул Бедельбаевпен тілдескен едік.

«2023 жылдың наурыз айында жұмысын бастаған «Жасыл ел» еңбек жасақтары биыл жыл соңына дейін 200 жасты жұмысқа орналастыруды жоспарлауда. Қазіргі таңда бұл бастама 182 жасты жұмыспен қамтыды. Оның ішінде 36 – «NEET» санатындағы жастар, 4 –  пробация есебіндегі жастар екендігін айта кету керек. Бұл жастардың туған өлкесінің тазалығына көңіл бөліп, жоғары қызығушылық танытатындығының және белсенділіктерінің дәлелі. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап «Жасыл ел» еңбек жасақтары орасан зор жұмыс атқарды.  «Қарттарым – асыл қазынам» атты қамқорлық акциясы аясында аудандағы жалғызбасты 50 қарттың үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, орталық саябақ пен саябақ аллеяларын тазарту-санитарлық жұмыстарын жүргізіп, балаларға арналған ойын алаңдарының жағдайын жақсартып, ауданның орталық көшелерін және көппәтерлі үйлердің аулаларында абаттандыру деңгейін көтерді.  Бұл жұмыстар ауданымыздың сыртқы келбетін таза етіп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастырды. Саябақтарды тазарту және абаттандыру процесі физикалық еңбекті ғана емес, ұйымдастырушылық дағдыларды да қажет етеді. «Жасыл ел» қатысушылары қоқыс жинау, жапырақтарды тазалау, жаңа көшеттерді отырғызу, сондай-ақ экологиялық мәселелерге назар аудару және жасыл технологияларды насихаттау мақсатында түрлі іс-шараларды да өткізіп келеді. Бұл жастар арасында ынтымақтастық, ұйымшылдық, адамгершілік сынды ізгі қасиеттерді насихаттауда маңызы зор»,-дейді Расул Бедельбаев.

Сонымен қатар, «Жасыл ел» еңбек жасағы ерікті жастармен бірігіп, жуырда  «KIELI TABIGAT» республикалық экологиялық акциясы аясында өңіріміздегі сакралды байлығымыз «Өтеген батыр» кесенесіне тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жалпы «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарына айына 70 мың теңге төленеді. «Жасылдар» жасағында толық жұмыс күні жоқ. Бастысы, бес күндік жұмыс аптасында 40 сағат жұмыс істесе жеткілікті. Жұмысқа тұру үшін кәмелет жасына толмаған жасөспірімге ата-анасының рұқсаты керек. Әрбір «жасыл ел» қатарына қабылданушымен жасақта жұмыс істеу мерзіміне еңбек келісімшарты жасалады екен. Осы ретте жасақ құрамында еңбек етіп жүрген жастардың бірін  сөзге тартып көрдік.

–       «Жасыл ел» бағдарламасы – өзім сияқты жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, туған өлкеміздің тазалығына үлес қосуымыз үшін тамаша мүмкіндік. Жоба аясында тек көгалдандыру жұмыстары ғана емес, көмекке мұқтаж қариялардың үйіне де барып, аулаларын күл-қоқыстан тазартып, қол ұшымызды бердік. Сауабы мол іс атқарып, қарттардың ақ батасын алып, алғысына бөленудің өзі ерекше сезім. Бірге істеп жүрген жастардың көпшілігі өзімнің қатарластарым. Осы жобаның арқасында өзіме жаңа достар да тауып, уақытты көңілді өткізудеміз. Еңбек етіп, өз бетімізбен ақша тауып қана қоймай, ауданымыздың тазалығына, көркеюіне атсалысып жатқаныма қуаныштымын, — дейді «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы Асылбек Диас.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.