«Осы орайда әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға ерекше мән береміз. Бұған біздің күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.
Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды.
Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз.
Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты.
Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет.
Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын.