Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, су ресурстарын пайдалану тәртібі күшейтіліп, табиғи су көздерін қорғауға бағытталған нақты талаптар белгіленді. Соның ішінде, Су кодексінің 45-бабына сәйкес, өзендерден және жер асты ұңғымалары арқылы су алатын шаруа қожалықтары үшін арнайы су пайдалану рұқсатын алу міндетті болып табылады.
Арнайы су пайдалану – бұл су объектілерінен (өзен, көл, су қоймасы) немесе жер асты көздерінен (ұңғыма, скважина) суды шаруашылық, өндірістік немесе ауыл шаруашылығы мақсатында алу кезінде берілетін ресми рұқсат.
Бұл рұқсат су ресурстарын бақылаусыз пайдалануды болдырмау, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және су қорларын ұтымды басқару мақсатында енгізілген.
Су кодексінің 45-бабына сәйкес, төмендегі субъектілер міндетті түрде рұқсат рәсімдеуі қажет:
өзендерден су алатын шаруа қожалықтары;
ұңғымалар (скважина) арқылы жер асты суын пайдаланушылар;
егін суару және басқа да өндірістік мақсатта су пайдаланатын барлық тұлғалар.
Арнайы су пайдалану рұқсатынсыз су алу – заң бұзушылық болып табылады. Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес айыппұл салынып, су пайдалану қызметі тоқтатылуы мүмкін. Шу-Талас бассейіндік су инспекция мамандары 2026 жылы суғару маусымында (25.04.2026-01.09.2026 ж) аралығында тексеру жүргізетінін хабарлайды.
Арнайы су пайдалану рұқсатын алу үшін жергілікті атқарушы органдарға немесе су ресурстарын реттейтін уәкілетті органдарға жүгіну қажет. Құжаттарды рәсімдеу барысында су пайдалану көлемі, мақсаты және техникалық сипаттамалар ескеріледі.
Су кодексінің 45-бабы – су ресурстарын тиімді әрі әділ пайдалануға бағытталған маңызды құқықтық норма. Шаруа қожалықтарын заң талаптарын сақтауға және арнайы су пайдалану рұқсатын рәсімдеуге шақырамыз. Бұл – табиғатты қорғау мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі