РАҚМЕТ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!

0

1 наурыз – Алғыс айту күні. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, №173 Жарлыққа қол қойған болатын. Қордайда мерекелік шара аудандық Мәдениет үйінде бастау алды.

 Бұл мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау шақта құшақ жая қарсы алған дархан көңіл қазақ халқына алғыс айтады. Осы себепті де айтулы іс-шара алдында әр түрлі этномәдени бірлестік өкілдері ұлттық киімдерін киіп, өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық тамақтарын дастарханға жайды. Қордайлықтарды құттықтау үшін Мәдениет үйіне келген аудан әкімі Рүстем Дәулет әр этномәдени бірлестік өкілдерінің дас-тарханынан дәм татып, құттықтауын жеткізді. Өз кезегінде бірлестік жетекшілері «қазақ халқына мың алғыс», деп жылы лебіздерін білдіріп жатты.

Мерекелік кездесуде өткен ғасырда қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған миллиондаған адамдарды өз бауырына басып, бір үзім нанын тең бөліскен қазақ халқының дархандығы, Алғыс айту күнінің мән-маңызы жайлы сөздер айтылды.

Аталмыш мейрамның саяси һәм тәрбиелік мәні тереңде жатқанын айтып, барша тұрғындарды Алғыс айту күнімен құттықтаған аудан әкімі Рүстем Дәулет жыл сайын көктем мезгілінің осындай игілікті мейраммен басталатынына қуанышты екенін жеткізді.

«Қадірлі жерлестер! Кешірім – адамгершіліктің арқауы болса, алғыс айту – берекелі бірліктің бастауы болмақ. 1 нау-рыз – бірліктің, ауызбіршіліктің салтанат құрған күні. Бұл ортақ тағдыр тоғыстырған Қазақстан халқының бір-біріне ортақ сый-құрмет көрсететін күні. Осы сәтті пайдалана отырып, ел Тәуелсіздігін нығайтуға, оның қуатын арттыруға айрықша үлес қосқан барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Бірлігіміз бекем болса, барлығы болады», — деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, жиында «Славян» этномәдени бірлестігінің төрайымы Любовь Харченко сөз сөйлеп, барша ұлт пен ұлыстардың атынан қазақ халқына алғысын білдірді.

Мерекелік шара елдегі ынтымақ пен бірлікті дәріптейтін концерттік бағдарламаға ұласты. Ұлттық киім киген түрлі ұлт өкілдері би билеп, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, жан тербейтін әндер шырқалып, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.

 

Е.Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.