СҰЛУТӨРДЕ ЖАҢА ФЕЛДЬШЕРЛІК ПУНКТ АШЫЛДЫ

0

Өткен дүйсенбіде табиғаты көркем Сұлутөр ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт салтанатты түрде ашылды.  «Падалиум» ЖК жүргізген құрылыс жұмыстарына жалпысы  68 млн.теңгеден астам қаражат жұмсалған. Былтыр басталған медициналық нысан барлық қажетті құралдарымен ауыл тұрғындарын қабылдауға дайын.

 

Жаңа медициналық мекеменің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық орталық арухананың бас дәрігері Зәуреш Қыдырбекова, ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар қатысты.

«Қордай ауданында денсаулық сақтау саласы қарыштап дамып келеді. Соңғы жылдары көптеген елеулі өзгерістер болды. Оған облыс әкімінің қолдауымен бірнеше ауылда дәрігерлік амбулаториялардың пайдалануға берілуі дәлел. Сұлутөрде бүгін бір нысан пайдалануға беріледі. Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарына аудан орталығына сабылмай, жергілікті жерде сапалы медициналық қызмет алу», – деп атап өткен Дамира Маратқызы аудан әкімінің құттықтауын  да жеткізді.

Сөз алған зейнеткер Адин Қырғызбаев та жерлестерін құттықтап, ауылға жасалып жатқан жақсылыққа ризашылығын білдірді. Жаңа ғимараттың лентасын Біржан Әлімбет пен Сұлутөр ауданының биі Ерікхан Шолпанқұлов қиды. Ауыл әжейлері дәстүр бойынша шашу шашты. Сұлутөрде бой көтерген жаңа фельдшерлік пункт заман талабына сай заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мұнда акушер кабинеті, емдеу және екпе кабинеттері бар.

Ауыл халқына мұнда Бақыткүл Игісінова, Жанар Оралбаева мен Ақбота Оңғарбаевалар медициналық қызмет көрсететін болады. Олар бүкіл ауыл халқы жақсы таниды. Өйткені олар көптеген жылдар бойы ауылдық медицина саласында еңбек етіп келе жатқан жандар.

Бүгінгі таңда ауданымыздың медицина саласының ардагері атанған Ғайни Ақылқожаева келген қонақтарға ғимарат ішін көрсетіп, таныстырып шықты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.