ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ ПЕН АШЫҚТЫҚ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Айта кетейік, аудан басшысы азаматтармен кездесулерге ерекше көңіл бөледі. Өйткені, жеке қабылдаулар барысында тұрғындар шешімі табылмаған мәселелері  туралы аудан басшысына тікелей айтуға мүмкіндік алады.

— Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұқтаждықтарына жедел ден қою мемлекеттік қызметшінің қызметіндегі басты басымдығы болуы тиіс, — деп атап өтті Бегзат Сейсенқұлұлы.

Қабылдауға әкімдіктің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. 14 азаматтың тілектері мен өтініштері тыңдалды. Тұрғындар тұрғын үймен қамту, денсаулық сақтау және жер қатынастары, жұмысқа орналасу сынды  мәселелерді көтерді.

Бегзат Сейсенқұлұлы әр тұрғынмен әңгімелесіп, бір де бір мәселені назардан тыс қалдырмады. Мәселен, Қордай ауылының тұрғыны көп балалы ана баспанасының жоқтығына айтып, көмек беруін өтінді. Өтініш иесі кезекте тұрғандар тізіміне енгізілген, алайда өз шаршы метрін алу үшін белгілі бір уақыт күтуі тиіс. Аудан әкімі мұқият тыңдап, жауапты тұлғаларға тапсырма берді. Нәтижесінде, аталған мәселені шешу бойынша барлық мәселелер егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Көппәтерлі үйдің тұрғыны әкімге пандус мәселесін  және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге ықпал етуін сұрады.

Әкімнің жеке қабылдауына келгендер қатарында ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары да болды. Олар ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үлкен оңалту орталығының  қажет екенін алға тартты. Аудан басшысы қазіргі таңда бұндай орталық құрылысының жобасы бар екенін айтып, қаражат бөлінгеннен кейін мәселенің оң шешім табатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың сәуір айында 25 мүгедек балаға арналған Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылған. Бала санының өсуіне байланысты орталыққа жаңа ғимарат салыну мәселесі туындап отыр.

Бегзат Болатбеков заң аясындағы барлық сұрақтарға толық жауап берді. Бірқатар сұрақтар сол жерде шешімін тауып, бір бөлігі аудан басшысының жеке бақылауына алынды. Бегзат Сейсенқұлұлы қабылдауға келген барлық тұрғындарға алғысын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.